Жаңалықтар

Министрлік ҰБТ өткізуге өзгерістер енгізді: Арнайы сертификат иелері қазақ тілінен тест тапсырмайды

Министрлік ҰБТ өткізуге өзгерістер енгізді: Арнайы сертификат иелері қазақ тілінен тест тапсырмайды / shutterstock

Қазақ тілінен ҚАЗТЕСТ сертификаты бар түлектер «Қазақ тілі» арнайы пәні мен бейіндік пәнінен Ұлттық бірыңғай тест тапсырудан босатылады. Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ашық НҚА» жүйесінде ҰБТ өткізуге қатысты бірқатар өзгерістерді жариялады.

«ҚАЗТЕСТ сертификатымен қазақ тілін В1 (орта) деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын тұлғалар өз қалауы бойынша «Қазақ тілі» бейіндік пән немесе «Қазақ тілі» арнайы пәнінен тест тапсырудан босатылады», — делінген құжаттың талқылауға жарияланған нұсқасында.

Яғни «Қазақ тілі» пәнінен ҚАЗТЕСТ сертификаттары бар талапкерлер білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады немесе университеттерге ақылы негізде түсе алады. 

«Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында көптеген шаралар жүруде, мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту әдістемесі негізінде оны қоғамдық өмір мен білім берудің барлық салаларына кезең-кезеңімен енгізу үлкен маңызға ие. Осыған байланысты «Қазақ тілі» бейіндік пәнін немесе «Қазақ тілі» арнайы пәнін ҰБТ тапсырудан босату мектеп түлектерінің ЖОО-ға түсуіне қолайлы жағдай туғызады», – деп түсіндірді министрлік.

ҚАЗТЕСТ – TOEFL, IELTS, TÖMER сияқты тілдік білімді бағалаудың халықаралық талаптарына сәйкес құрылған отандық жүйе.

Айта кетейік, «Қазақ тілі» пәні «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі», «Филология» және «Кітапхана ісі» мамандықтары үшін бейіндік пән болады.

Сонымен қатар, министрлік ҰБТ-ны электронды форматта өткізу кезінде «Академиялық адалдық принциптерін» тағайындады. Тестілеуге қатысушыларға бірқатар тыйым салынады:

  • Тестілеу әкімшісінің рұқсатынсыз аудиториядан (компьютерлік сыныптан) 10 минуттан көп уақытқа шығу.
  • Төтенше жағдайларға және/немесе түлектердің денсаулығына байланысты жағдайларды қоспағанда, тестілеудің бірінші және соңғы сағаттарында сыныптан шығу;
  • Сөйлесуге, орын ауыстыруға;
  • Құжаттармен, кез келген тыйым салынған заттармен және түсушіге жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парағымен алмасуға;
  • Тестілеу материалдарын, құжаттарды және тест тапсырмаларымен жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парақты аудиториядан (компьютерлік сыныптан) алып шығуға, бүлдіруге;
  • Аудиторияға (компьютерлік сыныпқа) Қағидалардың 75-тармағында көрсетілген тыйым салынған заттарды алып кіруіне және/немесе қолдануына;
  • Тестілеу алдында немесе тестілеу кезінде шулауға;
  • Тестілеу тапсырмаларының мазмұнын талқылауға және жария етуге;
  • Тестілеуге пайдаланылатын техникаға және қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге;
  • Тестілеу жүйесіне араласу әрекетіне және тестілеуден өтуге байланысты өзге де бұзушылықтарға рұқсат етілмейді.

Компьютердің интерфейсіндегі калькуляторларды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі. Түлек аудиториядан шыққан кезде және кабинетке қайта кірген кезде оны металл іздегішпен тексеретін болады. Құжат 15 сәуірге дейін талқылауда болады.