Жаңалықтар

Су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленеді

мчс
Фото: ТЖМ

Елде су тасқынының қатері әлі сейіле қоймады. Адамдар баспанасын тастап, пана болатын жерлерге бас сауғалап жатыр. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші төрт түлігінен айырылып қалып, атқамінерлерге өкпе-базынасын айтып жатқан шаруалар да жеткілікті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі малды қауіпсіз жайылым жерге айдау үшін шұғыл шаралар қабылдап жатқандарын хабарлады. Бұған дейін қамсыз отырған ведомстволар енді қауырт қимылдауда.

«Жедел деректер бойынша шамамен 30 мың бас мал қауіпсіз жерге айдалды. Сонымен қатар қауіп-қатердің әлі де сейілмей отырғанына және су тасқынының болжамды екінші толқынына байланысты жергілікті атқарушы органдар халықты ақпараттандыру және қауіпті жерлерден малды алдын ала айдап әкету бойынша жұмыстарды жүргізуде. Өкінішке қарай, су тасқынына байланысты мал шығынынан құтылу мүмкін болмай отыр. Сондықтан қазір  өлген мал саны есептеліп, деректер нақтылануда», – делінген ауыл шаруашылығының мәлімдемесінде.

Үш облыста жағдай ауыр

Наурыз айында Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Атырау облыстарында су тасқыны орын алды. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, әлі күнге Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай күрделі. Су тасқыны басталғаннан бері азаматтық қорғау қызметтері 16151 адамды, оның ішінде 6 316 бала құтқарып, эвакуациялады. 1 374жеке тұрғын үй мен375 аула аумағы су астында қалып отыр.

Кешеден бастап Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Бүгіндері су тасқыны құбылыстарын жою және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жұмыстары жалғасуда. 4525 адам эвакуацияланды, оның ішінде 1771 бала. Қауіпсіз орындарға 1425-тен астам ірі қара мал,   2004 бас ұсақ мал және 33 бас жылқы айдалды. Барлығы 764 мың текше метр астам еріген су сорылды, 161 мыңнан астам қап төселді. Қазір облыс бойынша 1 мыңнан астам адам, 300-ден аса техника және 100-ден аса мотопомпа жұмылдырылды, олар күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті, Бұлдырты өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде 4 ауданның 9 ауылындағы барлығы 515 тұрғын үй су астында қалды.

Өтемақы қайдан төленеді?

Аймақтарда «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ мамандары эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге шұғыл кісіріп кеткен. Министрлік жанындағы эпизоотияға қарсы отрядтар су тасқынынан кейін, облыс әкімдіктерінің ұйымдастыруымен мал өлекселерін жинамақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, су тасқынының салдарынан ТЖ режимі кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленеді. Су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады.

Су тасқыны салдарынан мыңдаған мал басы қырылуда

Бірқатар өңірде тасқын су салдарынан жағдай ушыға түсті. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында мыңдаған мал суға кетті. Ал Ақтөбе облысында 3 мың бас мал қырылып қалды. Әсіресе, Ойыл мен Қобда ауылдарындағы ахуал өте ауыр. Батыс Қазақстан облысында да жағдай әлі оңала қойған жоқ. Жем-шөптен тарығып шыққан малға су тасқыны соққы болып тиді. Болжамды есеп бойынша БҚО-да 1 мыңнан астам мал шығын болған.

Елде қалыптасқан төтенше жағдай салдарынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту, ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа басу айтып, Үкімет зардап шеккендерге қолдау шараларын ұйымдастыратынын айтты.

«Азамат­­­тарға айта­­рым, алаңда­маңыздар. Мем­­лекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шы­­­ғындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады», – деді Президент.