Жаңалықтар

Қазақстанда отбасы құрғысы келетіндер азайып, ажырасқандар саны көбейді

Қазақстанда соңғы жылдары ажырасқандардың саны артқан / Фото: kursiv.media

Қазақстанда соңғы жылдары ажырасу көбейді. Мұны 2021-2023 жылдары некені бұзу туралы соттар қараған істер санының артқанынан байқауға болады.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, соттарға 2021 жылы 80 мыңнан астам, 2022 жылы 82 мың, 2023 жылы 78 мыңнан астам іс пен арыз түскен. Олардың тең жартысына жуығын сот қанағаттандырған.

Ажырасқысы келетіндер АлматыдаАлматы мен Қарағанды облыстарында көбірек. Ең азы Ұлытауда тіркелген.

«Апелляция 89 (шешімге шағымғандардың 8,1%-ы), кассация 4 сот актісін (3,7%) бұзды. Бұл ретте жыл сайын некелескісі келетіндердің азайып бара жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2021 жылы АХАТ органдары 120 мыңнан астам неке тіркесе, 2022 жылы 128,4 мың, 2023 жылы 120,9 мың некені тіркеген. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2017 жылы 140 мыңға жуық жас жұбайлар шаңырақ көтерген», делінген жоғары сот хабарламасында.

Өткен жылдың күзінен бастап кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар айтарлықтай кеңейді. Мәселен, қазір республикадағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған 19 ауданаралық сот балалардың мүддесіне қатысты барлық дауды қарайды.

Бұл отбасылық соттар ажырасу туралы істерді мына жағдайларда қарайды:

  • егер ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балалары болса;
  • ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келіспесе;
  • егер ерлі-зайыптылардың біреуі қарсылық болмаған жағдайда да өз әрекетімен (әрекетсіздігімен) некені бұзудан жалтарса.

2018 жылдан бастап «Отбасылық сот» жобасы аясында қазақстандық соттар отбасын сақтауға бағытталған бірқатар шараны іске асырып жатыр. Тараптарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Жоба аясында ажырасу туралы талап қою түскеннен кейін жұмысқа психологтар мен медиаторлар тартылады. Алғашқылар ерлі-зайыптылармен әңгіме жүргізеді. Оларды мұндай қадамға баруға итермелеген себептерді анықтап, проблеманы талқылап, тараптарды татуластыруға тырысады. Егер адамдар түпкілікті шешім қабылдаса, медиаторлар көмекке келеді. Олар қарым-қатынастарды реттеуді, тату болып қалуды және өркениетті түрде сөйлесуді ұсынады. Ерлі-зайыптылар мүлікті бөлу туралы келісім жасайды. Егер олардың ортақ балалары болса, онда баланың тұрғылықты жерін, алимент өндіруді және баланың ата-анасымен сөйлесу тәртібін анықтау туралы келіседі. Яғни бұл мәселелердің барлығы сотқа дейін шешіледі.

Айта кетейік бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отбасының берекесін қашыратындардың тізімін жасауды ұсынған еді.

«Елімізде көптеген реестр бар. Мысалы, несиесін өтей алмаған адам арнайы базаға кіреді. Осылайша, ол кредит алу құқығынан айырылады. Жер кодексінде де солай. Жер учаскесін 5 жыл ішінде пайдаланбағандар реестрге кіреді. Оның да салдары болады. Сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүргендер де реестрге енеді. Бас прокуратурада педофилдердің тізімі бар. Осы тұста неге отбасының берекесін қашыратындардың реестрін жасамасқа? Бұл – күшті механизм», – деді депутат.

Ал Бас прокуратура алимент төлемей жүргендердің қарызы 22 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеген еді. Бұл – былтырғы жылдың көрсеткіші. Прокуратураның дерегінше, алименттің төленбеуіне борышкерлердің жұмыссыздығы мен тұрақты табысының жоқтығы себеп болып отыр.