Елімізде моноқалалар айналасында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурстар табылды. Бұл 2020-2022 жылдар аралығында жүргізілген мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері барысында анықталған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев моноқалалар маңында жасалған геологиялық барлау жұмыстары туралы баяндады.
Министр атап өткендей геологиялық зерттеу жұмыстары моноқалаларды дамыту және қосымша инвестиция тарту мақсатында жасалған шара екенін түсіндірді.
«2020-2022 жылдар аралығында жүргізілген мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша моноқалалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурстар табылды. Соңымен қатар моноқалалар төңірегін барлауға 28,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Биыл Абай, Курчатов, Балқаш, Алтай қалаларында 5 перспективалы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ министр моноқалалардағы ірі кәсіпорындардың айналасында шағын кәсіпорындар құру заңмен бекітілетінін мәлімдеді.
«Моноқалалардағы ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру бойынша тоқталғым келеді. Бұған дейін бұл жұмыс ерікті негізде жүргізілсе, қазір ірі кәсіпорындар айналасында шағын кәсіпорындар белдеуін құру және олармен ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу міндетін заңнамада бекітетін боламыз», – деді министр Үкімет отырысында.
Мәселен, бүгінде ірі тапсырыс берушілер мен моноқалалардағы отандық өндірушілер арасында 24,5 млрд теңгеге 20 ұзақ мерзімді шарт және 47,3 млрд теңгеге 13 (он үш) офтейк-келісімшарт жасалған.
«Қолданыстағы механизм аясында моноқаладағы бірқатар кәсіпорындар шикізаттың қажетті көлемін тиімді бағамен алу үшін жеткізушілермен келісімшартқа отырды. Қазіргі уақытта бұл механизм жетілдірліп жатыр», – деді ведомство басшысы.
Моноқалаларға ортақ мәселе: ауызсу мен жылудың шешімі қандай?
Үкімет басшысына есеп берген Қанат Шарлапаев 2025 жылдың соңына дейін 5 моноқала толықтай ауызсумен қамтылады деп уәде берді.
«Бүгінгі таңда 5 моноқалада ауызсумен қамту деңгейі 91%-дан жоғары. Олар 2025 жылдың соңына дейін 100% қамтамасыз етілетін болады. Моноқалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырымды құрайды. 2023 жылы 173 шақырым жылу желілері жөнделді. Биыл 57,6 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Қосымша 86,3 шақырымды жөндеу жобалары бар. Сондай-ақ Екібастұз қаласында 9 шақырым желіні қайта жаңғырту бойынша 4 жоба әзірленуде», — деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшысы Қанат Шарлапаев.
Газдандыру мәселесі баяу, ал ЖЭО-ның жағдайы қалай?
Моноқалаларда жылу электр орталықтарының мәселесі де өзекті. Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев моноқалалардағы жаңартылған энегрия көздері (ЖЭК) саласының дамуы және ЖЭО-да жөндеу науқанына дайындықтың қалай жүріп жатқанын туралы мәлімдеді.
«Бүгінде барлық 20 моноқала жарықпен, жылумен қамтамасыз етілген. Мәселен, бүгінгі таңда қазіргі қуат нарығы аясында 2 жоба жүзеге асырылуда. Степногорск қаласында жалпы сомасы 25 млрд теңгеге «Степногорск жылу электр орталығы қазандық қондырғысын қалпына келтіру және турбоагрегатты ауыстыру» жобасы жасалуда, жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту жоспарлануда, оның жалпы құны 27,2 млрд теңгені құрайды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарлануда», — деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Министр атап өткендей, жақын арада республикалық бюджет қаражаты есебінен Лисаковск қаласында «Орталық қалалық қазандықтың қажеттіліктері үшін газ-поршеньді қондырғы салу» жобасын салу жоспарланған.
Келер жылы аяқталатын жобаның жалпы құны 858 млн теңге. Бұл жоба жүзеге асса, моноқалалардағы жылу жүктемесі азайып, жылумен қамту сапасы арта түседі, – деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев.
Сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосуға мүмкіндік береді.
Министр моноқалаларды газдандыру бағытындағы мәселелерді де ашып айтты. Мәселен, 20 моноқаланың 11-і әлі газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Олар: Степногорск (Ақмола облысы), Ақсу және Екібастұз (Павлодар облысы), Риддер, Алтай (Шығыс Қазақстан облысы), Курчатов (Абай облысы), Балқаш, Абай, Шахтинск (Қарағанды облысы), Сәтбаев, Қаражал (Ұлытау облысы).
Елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде газ тасымалдау инфрақұрылымының болмауына байланысты жоғарыда аталған қалалар бүгінгі күнге дейін газдандырылмаған. Бұл жұмыс министрліктің тікелей бақылауында болады деп министр тағы да уәде берді.