Энергетика министрі Сәтқалиев Қарашығанақ кен орынында мұнай мен газдың қанша қоры қалғанын айтты
Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орнының бірі Қарашығанақта мұнай мен газ конденсатының қанша қалдық қоры қалғанын мәлімдеді.
«Осы жылғы 1-қаңтардағы жағдай бойынша мұнай мен конденсаттың қалған алынатын қоры 253,2 миллион тоннаны, газ – 791,7 млрд текше метрді құрайды»,- деді министр Үкімет отырысында.
Министр мәлім еткендей, бүгінгі таңда кен орнын болашақта игеру жоспарында Қарашығанақ І кезеңін кеңейту бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Бұл өндірісті жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстауға мүмкіндік береді.
Үкімет «ӨзенМұнайГаздың» мұнай өндіру салығын 2,6 пайызға түсірді
Бұдан бөлек Сәтқалиев «ӨзенМұнайГаз» компаниясына қатысты қабылданған шешімдерді жариялады. Енді аталған компания 2029 жылға дейін жеңілдетілген салықпен мұнай өндіреді. Нақтырақ айтсақ, Үкімет аталған компанияның мұнай өндіру салығын 2,6 пайызға төмендетті.
«Жаңаөзен қаласында «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы жұмыс істейді. Бұл – Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі Қазіргі уақытта компанияда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игерумен айналысады. Өзен және Қарамандыбас кен орындарын пайдалануды қамтамасыз ету үшін «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы 2019 жылдан бастап 3 өндірістік горизонт бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының 2,6 пайызын төмендетілген ставкасын қамтамасыз етуде», – деді ол Үкімет отырысында.
Компания басқа горизонттар бойынша да салықты жеңілдетілген пайыз мөлшерімен төлейді.
«Үкімет «Өзенмұнайгаз» компаниясына барлық горизонт үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 2,6 пайыздық жеңілдік ставкасын беру туралы шешім қабылдады. Бұл – 2029 жылдан бастап мұнай өндіруді жылына 5-тен 5,9 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді»,-деп түсіндірді ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік 2023 жылы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) 143 млн мұнай барреліне тең өнім өндірген. Оның ішінде тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және ішкі пайдалануға арналған тазартылған газ бар.
2023 жылы ҚПО-да газды кәдеге жарату деңгейі 99,95%-ды құраған. Бұл – әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Қазіргі кезде ҚПО-ның табиғатты қорғауға салған жалпы инвестиция көлемі шамамен $453 млн құрайды.
Қарашығанақ кен орнының маңызы қандай?
1979 жылы ашылған Қарашығанақ кен орны – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) Қазақстан Республикасы мен Халықаралық консорциум арасында 1997 жылы 18 қарашада жасалған. Өнімді игеру туралы келісім кен орнын 2038 жылға дейін пайдалануды көздейді.
Кен орны Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
Shell мен Eni компаниялары – Қарашығанақ жобасының бірлескен операторлары. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» келесі компаниялардың үлесі бар: Eni S.p.A. – 29,25%, Shell Plc – 29,25%, Chevron – 18%, ЛУКОЙЛ – 13,5% және ҚазМұнайГаз – 10%.