Өңірлер су тасқыны қаупін нақты бағалай алмады – Бектенов
Үкімет отырысының кезекті жиынында министрлер су тасқыны болып жатқан өңірлердегі ахуалды баяндап, атқарылып жатқан шаруалар туралы премьер-министрге есеп берді. Еліміздегі 5 облыс әлі де су басу аумағында тұр және 20 төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты.
Су тасқынының жаңа кезеңі басталады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр су тасқынына алып келген негізгі фактор – қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашын екенін айтты.
«Әсіресе, батыс өңіріндегі елдімекендерде көлемді су тасқынына алып келді. 1,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Баспаналар қирап, жолдар бұзылды. Бірқатар өңірлерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Көріп отырғанымыздай, өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады. Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз», – деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов президенттің кешегі кеңес отырысында айтқан «тасқын қаупі азайды деуге болмайды» деген сөзін еске салды.
«Қазір ауа температурасының біршама төмендеуіне байланысты тасқынның екпіні басылған сияқты. Алайда алдағы күндеріге жасалған болжам бойынша ауа райы айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Демек еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек», – деді премьер-министр.
Елімізде қанша үй су астында қалды?
Үкімет отырысында баяндама жасаған ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықов елдегі 5 өңірде, яғни 1405 үй су астында қалғанын мәлімдеді. 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалып, 9 тұрғын үй қираған.
«55 шайылған автожол учаскелері мен төрт көпірдің (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. 50 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік. Бұл жерде төтенше жағдай аймақтарында қажетті көмек көрсететін еріктілердің жұмысын атап өткім келді», – деді вице-министр.
Астана іргесіндегі 3 елдімекенді су басу қаупі бар
Ал су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Нұра өзенінен тасқын қаупі төніп тұрғанын баяндады. Осының салдарынан Астана іргесіндегі үш елдімекенді су басуы мүмкін екенін айтты. Министр мәліметінше, Астана су қоймасына 26-30 наурыз аралығында 150 млн текше метр су құйылған. Осылайша су орташа көп жылдық түсімнен едәуір асып түскен.
«Астана су қоймасынан судың төгілуін болдырмау үшін 29 наурызда Есіл өзенінің арнасын жуу үшін төменгі бьефке су жіберілді. Қарағанды облысында орналасқан Самарқанд су қоймасы бүгінгі таңда 100% толған. Ұлытау облысында орналасқан Шерубай–Нұра су қоймалары бүгінгі таңда 96% толған. Самарқанд және Шерубай–Нұра су қоймаларынан тасталған және төмен жағынан қосылатын бүйірлік ағындарын есепдегенде Нұра өзені арқылы Преображенск су торабына шамамен 4 сәуірде айына 2500 м3/сек су ағыны күтілуде. Өз кезегінде Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе елдімекендерін су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды қамтамасыз ету керек», – деп баяндады министр.
Бұдан бөлек Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасына қар суы толған. Мөлшерінен асқан су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының аумағындағы Телікөл көліне жіберіліп жатыр. Ал Шығыс өңірлердегі 3 ірі су қоймасында орта жиналған су көлемі өткен жылмен деңгейлес – су жинау көлемі 65%-ды құрайды.