Қазақстанда ауылшаруашылық саласында импорттық техниканың кредиті мен лизингі бойынша жылдық 15% деңгейіне дейінгі пайыздық мөлшерлеме субсидиялануы мүмкін. Бұл туралы агроөнеркәсіптік кешен субьектлеріне несие және субсидия беру қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасында жазылған.
Импорттық және отандық ауыл шаруашылығы техникасына лизинг мөлшерлемесі өзгереді
Өзгерістерге сәйкес импорттық және отандық ауыл шаруашылығы техникасы бойынша несиелер мен лизинг бойынша субсидияланатын пайыздық мөлшерлеменің мөлшері сараланады. Яғни агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің лизингі немесе кредиті бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15% мөлшерінде дейін субсидияланады.
Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алу лизингі кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілмек.
Былтыр агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 триллион теңге бөлінді
«Жалпы «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті. Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды», – деп тапсырған еді Мемлекет басшысы.
Осылайша қатаң қадағалауға алынған АӨК саласында реформа басталды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Президент жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін 2023 жылға нақты шаралар әзірленгенін мәлімдеді. Яғни биылдан бастап, ауыл шарушылығын субсидиялау тәртібі де өзгереді.
Субсидия беру тәртібі қандай?
Билік бірінші кезекте құжаттар мен қағазбастылық, шашыраңқылық мәселесін жеңілдетуге тырысқан. Бұл орайда фермерлерге 1 ақпаннан бастап іске қосылатын «Агрөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» (СБМАЖ) көмекке келеді. Автоматтандырылған бұл жүйе фермерлердің субсидияға өтінімін рәсімдеу үшін балама ретінде әзірленіп отыр. Өтінімдер gosagro.kz веб-порталында қабылданады. Аталмыш жүйе толығымен автоматтандырылған және ақысыз қызмет көрсетеді.
СБМАЖ өтінім беруде фермерлер жұмысын айтарлықтай жеңілдете түспек. Себебі субсидия алу үшін растау құжаттары мен қосымша анықтамалар өткізу жұмыстары ретке келтіріліп, бұл құжаттар басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелерімен, соның ішінде жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника және арнайы көлік жөніндегі деректермен, кооператив мүшелері туралы мәліметтермен, сондай-ақ «алқаптар картасымен» бір орталыққа біріктірілген.