Жаңалықтар

Респонденттердің 50%-дан астамы АЭС құрылысын қолдайды – Энергетика министрлігі

АЭС: Энергетика министрлігі арнайы сауалнама нәтижесін жариялады / Shutterstock

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 50%-дан астамы Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.

«Бізде бұған тиісті компаниялар тартылды және «Самұрық-Қазына» белгілі бір сауалнама жүргізеді. Алдын ала мәлімет бойынша, жалпы респонденттердің 50%-дан астамы оң пікірде, бірақ, әрине, бұл референдумда шешілетін мәселе», — деді Сұңғат Есімханов.

Спикер Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, оның ішінде өңірлерде де дайындық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

«Бұл түсіндірме жұмыстары. Өңірлерде тиісті кесте бар. Алдағы айларда біз бұл жұмысты жергілікті өңірлерге бару арқылы жүргіземіз. Нақтырақ айтқанда, референдумның өтетін күні мен оның қандай болатынын үкімет басшылығы айқындайтын шығар», – деді вице-министр.

АЭС салу жөніндегі референдум қашан өтеді?

Еске сала кетсек, 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.

Президент атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екеніне тоқталып, Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде «өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар», – деп мәлімдеді.

Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы Алматы облысының Үлкен ауылында 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.

«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АЭС салу үшін бірінші кезекте су қажет

Ал «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін алға тартады. Оның айтуынша, елде станса салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

Британдық New Nuclear Watch Institute (NNWI) өкілдігінің жетекшісі Бауыржан Ибраев Қазақстанда АЭС салынса, Өзбекстан ядролық отын жеткізуге мүмкіндігі бар екенін атап өткен.

Бұған дейін Ибраев Қытай АЭС-ті екі есе арзанға салып бере алатынын, бірақ оның ұсынысы өтпегенін айтқан. Шығыстағы көрші АЭС-ті ел үкіметі қарастырып отырған 6 млрд доллардан екі есе арзан: 1,2 ГВт бір блокты 2,3 миллиард долларға салып беруі мүмкін еді.

Энергетика министрлігі бастапқыда бір 1,2 ГВт қондырғының құны 5 млрд доллар және екі блокты (2,4 ГВт) бүкіл станция үшін 10 млрд доллар қажет екенін мәлімдеген. Жыл соңына қарай 12-15 млрд долларға тең цифрлар айтылып жатыр.

Қазір «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына қаржы тартудың жолын қарастырып жатыр. Оның қатарында станция құрылысын Ұлттық қор есебінен қаржыландыру бар.