Бишімбаев қайғылы оқиға болған күн туралы өз нұсқасын айтып жатыр

Жарияланды
Фото: Асқар Ахметуллин

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр.

1 сәуірде экс-министр қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап беріп жатыр.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова BAU мейрамханасында тепе-теңдік сақтай алмай құлап түскен.

8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні екеуі BAU мейрамханасың VIP залына кірген. Экс-министрдің сөзінше концертте басталған жанжал сол жерде де жалғасқан.

«Бір уақытта Салтанат айғайға басты. Ол уақытта мейрамханада жұмысшылар бар еді. Ешкім естімеуі үшін дәретхананың ішіне кіруді ұсындым. Ішіне кіріп, еденде отырдық», – дейді Бишімбаев.

Айтуынша, жанжал дәретхана ішінде де жалғасқан. Ол сол сәтте Нүкенованың сыйлаған заттарын унитазға тастағанын көрген. Сотталушы сыртқа шығып кеткен кезде Нүкенованың дәретхана есігін ішінен іліп алғанын айтты.

«Есікке жақындап келген кезде оның жабық екенін көрдім. Салтанат ішінде еді. Оның әртүрлі дыбыс шыға бастады. Осы сәтте не істерімді білмей, ашулана бастадым. Есік ашылады деп ойлап, жұдырықпен ұра бастадым. Штативті алып, есікті ұра бастадым. Содан кейін ғана ол ішінен есікті ашты. (…) Жейдесін шешіп маған лақтырды. Шыдамай, бірнеше рет шапалақпен салып қалдым. «Шалбарымды да шешіп тастаймын» деп айтты. Ол сол сәтте бетімен унитазға қарап тұрды. Белінен ұстап тұрған едім, оны жібердім. Сол сәтте тепе-теңдікті сақтай алмай, қабырғаға соғылды. Әрі қарай унитазға бетімен құлады», – дейді Бишімбаев.

Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы 9 қараша таңертең ұрып-соққаны туралы айтты.

«…Лифтіден шыққан кезде мен VIP залға қарай, Салтанат дәретханаға қарай кеттік. Менің артымнан дөрекі сөздер айтты. Бұл мені ашуландырды, себебі бұған дейін ол үндемей келген еді. Бұрылып, жанына келдім. Шашынан ұстап, төрт рет шапалақпен ұрдым. Ол құлап түсті. Мені ашуландыру үшін әдейі істеп жатқан-жатпағанын білмедім. 3-4 рет жамбас тұсынан тептім. «Тұр» деп айттым. Ол тұрмаған соң, шашынан ұстап көтердім», – дейді Бишімбаев.

Біраз уақыттан кейін Бишімбаев туысы Байжановқа хабарласып, аспирин және кетонал әкелуін сұраған. Сондай-ақ Байжановтан камералардағы видеоны өшіруді сұрағанын, қызметкерлерді таратқанын да растады. Ол басқа біреудің видеоны әрі қарай таратпауын ойлағанын айтады.

«Салтанат ол кезде тірі еді. Видеоны кез келген күзетші телефонына түсіріп, басқа жерге жіберуі мүмкін еді. Көпшілікке жария болғанын қаламадым. Оны ұрып-соққаным да түсірілген. Сол себепті видеоны өшіруді сұрадым», – дейді ол.

Іс туралы

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

Айта кетейік, Күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.

Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайтынын жазған едік. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаевтың өзі де, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті. 

Ал 11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.

«Айыптау актісі түсінікті. (Тағылған) айыпты мойындамаймын”,– деді Бишімбаев.

29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы – қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Айтбек Амангелді тараптардың сұрағына жауап берді. Сот барысында Амангелді қарындасының қазасы туралы қашан естігенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз