Bereke Bank өзінің KZ2C00010049 номерлі облигацияларын өтеген. Бұл туралы хабарламаны банк Қазақстан қор биржасына жолдады.
Банк бұл олигациялар бойынша жалғыз купондық сыйақы төлеген. Жалпы төлем сомасы 108,8 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 100 млрд теңге негізгі борыш (облигациялардың жиынтық номиналды құны) болса, купондық сыйақы – 8,8 млрд теңгені құраған.
«Осы хабарламаға сәйкес аталған облигациялар бойынша төлемдердің жалпы сомасы 108 827 653 641,73 теңгені құрады, оның ішінде негізгі борыш (облигациялардың жиынтық номиналды құны) – 100 000 000 000,00 теңге, купондық сыйақы – 8 827 653 641,73 теңге»,– делінген хабарламада.
Банктің купондық облигацияларын 2023 жылдың қыркүйегінде айналымға шығарылған. Айналым мерзімі 2024 жылдың 31 наурызына дейін белгіленгендіктен, қазір сауда-саттық тізімдерінен шығарып тасталған. Соңғы купондық мөлшерлемесі жылдық 14,25 пайызды құраған.
Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. 2023 жылғы тамыздан бастап «Бәйтерек» ҰБХ акционерлік қоғамы Bereke bank-тың акцияларының 100%-на ие болған.
Содан бері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі – банктің негізгі акционері. 2022 жылы қыркүйекте банк ребрендинг жүргізіп, Bereke Bank атауын иеленді.
2023 жылдың 9 наурызында банк ресми түрде АҚШ санкцияларынан шығарылғанын хабарлады. 2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.
2024 жылдың ақпанында Қатарлық Lesha Bank «Бәйтерекке» тиесілі банкті сатып алуға ниетті екені белгілі болды.
Катар инвест банкі Lesha Bank 2024 жылғы 14 ақпанда «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.
Инвестор банктің барлық Акционерлік капиталын сатып алатыны белгілі. Сондай-ақ мәміле тараптардың болашақта жасалатын түпкілікті келісім шарттарын сәтті келісуіне байланысты екендігі атап өтілді.