Ең төменгі жалақы өсіп жатқанымен, елдегі кедейлік деңгейіне әсер етіп жатқан жоқ - Halyk Finance 

Жарияланды
Шығарушы редактор
ең төменгі жалақы
Жалақы өскенімен кедейлік деңгейі сол қалпы. Фото: shutterstock.com

Қазақстанда ең төменгі жалақы деңгейі 2019 жылдан бері үш есе дерліктей өскен. 5 жыл бұрын ең төменгі жалақы 29 мың теңгені құраса, жыл басынан бері – 85 мың теңге болып бекітілген. Алайда дамыған елдердің көрсеткішінен әлдеқайда артта қалып тұр.

Halyk Finance  сарапшылары ең төменгі жалақының өсуі елдегі кедейлік деңгейіне әсер етіп жатқан жоқ деп тұжырымдайды. Сол себепті жалақы деңгейін көтеру арқылы кедейшілікпен күресуге болады дегенге күмәнмен қарайды. Оның үстіне Қазақстандағы кедейлік шегі – халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен.

Егер Дүниежүзілік банк есебін қолдансақ, Қазақстандағы кедейлік деңгейі ресми көрсеткіштен үш есе жоғары болып шығар еді.

Сарапшылар мұның бір себебі – жұмыспен қамтылған халықтың бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтитындар табысының реттелмеуі екенін айтады. Оған қоса олардың айлығы жалдамалы жүмысшылардан әлдеқайда төмен болып келеді.

Осы реттте мамандар мемлекеттің басты міндеті – ең төменгі жалақыны арттыру емес, тұрмысы төмен азаматтарды тиімді әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру екенін айтады. Сол арқылы олардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру мен лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге жеткілікті болатын әділ қайта бөлу механизмін құру.

Halyk Finance сарапшылар бұған дейін де Қазақстан халқының жартысына жуығы 85 мың теңгеден аз табыс табатынына назар аударған.

Қазіргі кезде Қазақстандағы кедейлік шегі  33 557 теңгені құрайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда 500 мың адам кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр деген.

ҰСБ дерегіне сүйеніп, айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтардың 12 жылдық антирекордын жариялағанбыз. Мақалада Қазақстанда 1,1 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны нақтыланған.

«2023 жылғы III тоқсанында кедейлердің қатары Түркістан облысында (9,6%) көп болса, ал Қарағанды облысы және Астана қаласында (2,7%-дан) аз. Аймақтар бойынша кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа айтарлықтай өсіп, 9,3%-ға жеткен», – делінген Ұлттық статистика бюросының дерегінде.

Бұған дейін kursiv.media Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегі қайта қаралуы керек деген мәселе көтерген болатын. Сонда GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық Үкіметтің статистикасы мен халықтың шынайы күнкөріс деңгейінің арасында айырмашылық бар екеніне назар аударған.

Сондай-ақ оқыңыз