FlyArystan әуе компаниясы жеке оператор сертификатын алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
 жеке
FlyArystan жеке оператор болды. Фото:Аvianews.com

FlyArystan әуе компаниясы Қазақстан Авиация әкімшілігінен жеке оператор сертификатын алды. Бұл туралы «Эйр Астана» баспасөз қызметі хабарлады.

Аудит пен талдау нәтижесінде FlyArystan-ның Қазақстан авиация заңнамасына, халықаралық операциялық стандарттарға да сәйкестігі расталған.

2019 жылы құрылғалы бері FlyArystan «Эйр Астана» компаниясының сертификатын пайдаланып келген. Енді өз AOC-мен FlyArystan өз қызметін арзан тасымалдаушы үлгісіне одан ары бейімдеп, қосымша өсу мүмкіндіктерін іздестірмек.

«Осы бес жыл ішінде FlyArystan қазақстандық нарықта көшбасшы болды: нарықтың дамуын ынталандырды, 2023 жылы 3,6 миллион жолаушыны арзан әуе тасымалымен қамтамасыз етті және өзінің әуе кемелері паркін 4-тен 18 ұшаққа дейін ұлғайтты. Тағы 6 ұшақ 2024 жылы жеткізіледі», – деді «Эйр Астана» тобының бас атқарушы директоры Питер Фостер.

Жеке оператор сертификатын алғанымен, FlyArystan «Эйр Астана» тобының еншілесі ұйымы болып қала береді. Лоукостердің өсуі мен дамуы үшін бөлек AOC қажет болған.

«Операциялық тұрғыдан алғанда, бұл үлкен тиімділікпен бірге әлем бойынша авиациялық билік органдары арасында танылуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар FlyArystan-ға халықаралық нарықтағы белсендігін арттыру мен басқа әуекомпаниялармен ынтымақтасу үшін жеке IATA кодын алуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Питер Фостер бұған дейін де FlyArystan әуе компаниясы Air Astana-ның құрамында қала беретінін айтқан. FlyArystan-тың жеке сертификат алатыны сол кезде белгілі болған.

2023 жылы қазан айында Мәжілісте депутаттар еліміздегі авиакомпаниялардың билет құнына қатысты мәселені көтерді. Депутат Айдос Сарым халыққа қолжетімді болу үшін құрылған FlyArystan әуе компаниясының бағалары аспандап кеткенін айтты.

Депутаттарға жауап берген Көлік министрі Марат Қарабаев FlyArystan Air Astanaның құрамынан шығарылып жатқанын айтқан. Министр Qazaq air де жекешелендірілетінін жекізді.

Солайша нарықта бір-біріне қатысы жоқ 4 компания пайда болуға тиіс еді. Нәтижесінде бәсекелестік артып, бағалар реттеледі деп жоспарланған. Бірақ үкіметтің бұл жоспары әлі жүзеге асқан жоқ.

Әуе билеттерінің тым қымбаттап кеткенін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та сынаған. Ол әуе билетінің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан екі есе қымбат екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз