Жаңалықтар

«Табиғи құбылыс»: NCOC «Қашаған» кен орнында мұнай төгілді деген ақпаратты жоққа шығарды

NCOC опроверг разлив нефти возле Кашаганского месторождения на Каспии
NCOC компаниясының теңіз нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Коллаж: kursiv.media

Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы Қашаған теңіз кешенінде мұнай, сарқынды су, басқа да сұйықтық төгілген жоқ деп мәлімдеді. Қашаған кен орындағы D аралы толық тексеріліп, мұнай төгілгені дәлелденбеген.

«2024 жылғы 30 наурызда сағат 7:43 (GMT+5) немесе 2:43 (UTC) кезінде Қашаған теңіз кешенінде мұнайдың, сарқынды судың немесе басқа сұйықтықтардың төгілуі туралы болжамды ақпарат бойынша дәлелдер жоқ», – дейді компания.

Мәселе қайдан шықты?

2 сәуірде «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернова Қашаған кен орны маңында сұйықтық төгіліп жатыр деп дабыл қаққан. Экобелсенді ғарыштан жүргізілген мониторинг аясында «30.04 (02:43 UTC) Еуропалық Sentinel-1A спутнигінің радарлық суреті қазақстандық кен орны мен «Қашаған» мұнай өндіру учаскесі маңындаға төгіндігі байқатты» деп жазады. Сарапшы өндіріс барысында мұнай, болмаса құрамында мұнай қалдықтары бар сарқынды су төгілген деп пайымдаған. Сонымен қатар бұл мәселеге ресми орындардың назар аударуын сұрады,.

Осы орайда Атырау облысы бойынша экология департаменті Қашаған кен орны аумағында визуалды тексеріс және сынама алынатынын хабарлаған.

«Егер бұл фактілер расталса, NCOC компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі», – деп сендірді мемлекеттік орган.

NCOC компаниясы ғарыштан түсірілген суреттегі бейне «табиғи құбылыс» деп отыр. Ертесі күнгі суреттерде мұндай құбылыс байқалмаған.

«2024 жылғы 30 наурызда SENTINEL-1A және 2024 жылғы 2 сәуірде кезінде TerraSAR-X жерсерігінен түсірілген суреттерде Солтүстік Каспий аумағында, оның ішінде Қашаған кен орнындағы D аралынан солтүстікке қарай орналасқан шағын аймақта табиғи құбылыс байқалды. Келесі күндері түсірілген суреттерде мұндай құбылыс көрінген жоқ», – делінген хабарламада.

Қазіргі кезде теңіз нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. 2016 жылы өнім өндіру басталғалы бері NCOC өндірістік нысандарынан бірде-бір рет көмірсутек төгілмеген көрінеді. Сондай-ақ компания өз қызметін эмиссиялар үшін берілген рұқсаттарда белгіленген нормалар мен стандарттар, қоршаған ортаға әсерді бағалау шеңберінде жүргізетінін атап өтті.

Алайда ақпан айында Қашаған операторы күкірт диоксидін жағып, Каспийге өндіріс суын төккені үшін 12,4 млрд теңге айыппұл төлеген.

Қашаған – кейінгі онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның қоры 9 миллиардтан 13 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды. 

Консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).