Тайвань аралының шығыс жағалауында 7,5 баллдық жер сілкінісі болып, Жапония цунами қаупі төнгенін хабарлады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
shutterstock
Тайвань аралының шығыс жағалауында 7,5 баллдық жер сілкінісі болып, Жапония цунами қаупі төнгенін хабарлады / shutterstock

Тайвань аралының шығыс жағалауында 7,4 баллдық жер сілкінісі болды. Аралда және көрші елдерде цунами қаупі туралы ескерту жария болды.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша, эпицентр Тайваньның Хуалян қаласынан оңтүстікке қарай 18 км жерде орналасқан. Сейсмологтар бұл Тайваньдағы соңғы 25 жылдағы ең ірі жер сілкінісі болғанын айтады. Нақты уақыты Гринвич бойынша 23:58 деп жазылған.

BBC ақпаратына сүйенсек, жер сілкінісінен кейін көп ұзамай Жапония мен Филиппинде цунами туралы ескерту жарияланды. Кейінірек жапондық метеорологиялық агенттік ескерту деңгейін төмендетті. Дегенмен қуаттылығы 7,5 деңгейіндегі жер сілкінісі бір апта ішінде тағы болуы мүмкін екені ескертілді.

Тынық мұхиты цунами туралы ескерту орталығы жер сілкінісінен екі сағат өткен соң қауіп жойылғанын хабарлады.

Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жер сілкінісі елдің оңтүстік-шығысындағы Фудзянь материгінде де сезілгенін хабарлады.

«Жер сілкінісі құрлыққа жақын, таяз тереңдікте басталды. Ол бүкіл Тайваньда және көрші аралдарда сезілді. Бұл 25 жылдағы ең күшті тербеліс», — деді Тайбэй сейсмология орталығының басшысы У Чиен Фу.

Apple және Nvidia сияқты компанияларға чиптер шығаратын Тайваньның оңтүстігінде орналасқан TSMC компаниясының жұмысын біраз уақытқа тоқтап, қызметкерлер эвакуацияланды.

Осыған дейін 1999 жылдың қыркүйегінде Тайваньда 7,6 баллдық жер сілкінісі болды. Ол 5 мыңнан астам ғимаратты қиратып, 2400 адамның өліміне себеп болды. 

Қазіргі жер сілкінісінде қанша адам зардап шеккені белгісіз. Алайда Тайвань бұқаралық ақпарат құралдары құлаған ғимараттардан, мектептер мен тұрғын үйлерден эвакуациялау жүргізілгенін көрсетіп жатыр.

Алматыдағы жер сілкінісі

Айта кетейік, 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісі кезінде дабыл қағу технологиясы жер сілкінісі тоқтағаннан кейін қағылған еді. 

4 наурыз сағат 11:22-де Алматыда қатты жер тербелісі болып, халық дүрлігіп қалды. Бұл туралы Алматының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2. Магнитудасы MPV 6.1. Жер сілкінісінің координаталары – 42,93° солтүстік. 76,96° шығыс Тереңдігі 10 км. Қабылдау туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл.

Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.

Сондай-ақ оқыңыз