Жаңалықтар

Қазақстанда көктемгі су тасқынының қаупі сейілген жоқ. Жайық өзені арнасынан асты, тұрғындар эвакуацияланып жатыр

БҚО-да су тасқыны қаупі сейілген жоқ / Фото: ТЖМ

Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілген жоқ. Елдімекендерді әлі де су басып жатыр. БҚО, СҚО, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстары әлі де қарғын сумен күресіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені мен сол маңдағы шағын өзендер арнасынан шығып аймақтағы елдімекендерге қауіп төндірді.

Батыс Қазақстан әкімдігінің хабарлауынша, Оралдағы Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кеткен.

«Деркөл өзенінің гидробекетінде судың деңгейі 708 сантиметрді құрады. Қауіпті деңгей 600-650 см. Ал Шаған өзенінің гидробекетінде 1264 см құрады. Сонымен қатар Жайық өзенінің деңгейі бүгінгі күні 583 см-ді құрады. Шаған мен Деркөл өзені максималды деңгейде бір арнада тоғысты. Жайық өзенінің көтерілуі және екі өзеннің тоғысуы судың ағыспен кетпей, сыртқа шығуына алып келді. Осының салдарынан өзен сулары арнаға сыймай, Орал қаласындағы Самал шағын ауданына жайыла бастады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Осы жағдайға байланысты Самал шағын ауданының тұрғындарын қауіпсіз жерлерге, эвакуациялық пунктерге көшіру жұмыстары басталған.

Су деңгейінің күрт көтерілуіне Ресейден келетін су көлемінің артуы себеп болған.

«Ресейден бастау алатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі көтерілуде. Соның салдарынан Қазталов және Жанғалы аудандарына құятын Қараөзен мен Сарыөзен өзендерінің су деңгейі көтеріледі. Қазір бұл аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шаған мен Деркөл өзендері қауіпті деңгейге жетіп, Жайық өзеніндегі су көлемі артып келеді», – деп хабарлаған әкімдік.

Расында Ресейден келген су көлемі артқан. Ресей Ирикла су қоймасында су деңгейінің көтеріліп кетуіне байланысты артық суды ағызған.

«Ирикла су қоймасынан ағызылатын су көлемі секундына 90-нан 390 текше метрге дейін артты. Оған ағынның күрт артуы себеп болды», – деп хабарлады ресейлік басылым.

Басқа өңірлер

Ақтөбе облысында оннан астам өзеннің – Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Үлкен Қобда, Темір, Тамды, Қауылжыр, Ор деңгейінен асуына байланысты Мұғалжар, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл және облыс орталығында төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны салдарынан 761 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 187 аула мен 99 саяжай үйі зақымданды.

«Су тасқыны салдарынан 6931 адам  қауіпсіз орындарға көшірілді. Дайындалған орындар саны — 15 337. Сонымен қатар 7072 жануар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс жасап жатыр», –деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданының орталығы, Теңдік, Донецкое және Летовочное ауылдарында су тасқынына дайындық жүріп жатыр. Бұл жайлы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады.

«Қазір бұл ауданда жағдай күрделі. Қар көлемі әлі де көп және тез еруде. Үлкен сумен күрес үшін қаптар мен инертті материалдар дайындалып, нығайту жұмыстары жүргізілуде», – дейді әкім.

Қостанай облысындағы жағдай бойынша Қостанай облысының ТЖД бастығы Қайрат Қасымның айтуынша өңірде су тасқынымен күресуге 1700-ге жуық адам жұмылдырылған. Көмекке көмектесуге Қарағанды, ШҚО, Қызылорда облыстарынан құтқарушылар шақыртылған.

«Су тасқыны жүріп жатқалы 10 күн болды. Облыстың оңтүстігінде 173 үйді су басты. Оның 75-і әлі де су астында. Ең күрделі жұмыс қазіргі уақытта Жангелді, Амангелді ауданы мен Арқалық қаласында жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар судан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда Жангелді ауданының Қызбел және Тауыш елдімекендері біздің ерекше назарымызда», – деді ТЖД басшысы.

Ақмола облысы әкімдігінің хабарлауынша, Қосшы қаласының Тайтөбе кентінің тарапынан Нұра өзенінің жағалауын нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«85-ке жуық техника, оның ішінде экскаваторлар, самосвалдар мен тиегіштер облыстың астаналық өңірлеріне су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу үшін келді. Арнайы техника Қосшы қ. Тайтөбе кентінің тарапынан Нұра өзенінің жағалауын нығайту бойынша жұмыстар жүргізуге кірісті», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге Аршалы ауданы Жібек жолы ауылында тәулік бойы Есіл өзені мен Безымянная бөгетінің жағасындағы бөгетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында әлі су көтерілмеген. Бірақ өңірде қазірден бастап су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Үлкен Нарын, Алтай аудандарында және Парыгино ауылында су өткізу құрылыстарын және арықтар жүйесін тазарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Зубовск кентінде Бұқтырма, Зеленка және Березовка өзендерінің мониторингін жүргізу жұмыстары ұйымдастырылды»,деп хабарлады ТЖМ.