Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің құзыреттілігі артады: Энергетика министрі жаңа заң жобасын таныстырды
Қазақстанда энергетикалық қадағалауды күшейтуді көздейтін «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Заң жобасын Мәжіліске Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев таныстырды.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ. Заң болмағаны себепті салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарлары жоқ. Бұл өз кезегінде саланың инвестициялық тартымдылығының болмауына, кәсіпорындардың тиімсіздігіне әкеледі.
Ал «Жылу энергетикасы туралы» Заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын қабылдау саланы дамытуға, сондай-ақ электр және Жылу энергетикасы салаларындағы бірқатар ағымдағы мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.
«Аталған мәселелерді реттеу мақсатында Министрлік Азия даму банкінің қолдауымен халықаралық сарапшыларды тарта отырып осы заң жобасын әзірледі. Құжат, жылу энергетикасы саласындағы саясатқа құзыреттілік пен жауапкершілікті қайта бөлуге бағытталған норманы қамтиды. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітілетін болады. Қазіргі уақытта бұл функция өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктелген. Өз кезегінде, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады», – деді Сәтқалиев.
Сонымен бірге заң жобасында жылу желілеріндегі бақылау функциялары қайта қаралады. Ол ортақ жылумен жабдықтау жүйелері шеңберінде әкімдіктерден Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне ауысатын нормаларды көздейді.
Министр Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өкілеттіктерін күшейту арқылы ірі апаттардың алдын-алуға болатынын айтады.
«Ілеспе заң жобасының маңызды аспектісі мемлекеттік органның бақылау функцияларын күшейту. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама, атап айтқанда Кәсіпкерлік Кодекс бизнестің мүдделерін қорғау мақсатында бақылау функцияларын шектейді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін осы аса маңызды салада бақылаудың болмауы ірі апаттардың туындауына себеп болуы мүмкін, Екібастұз, Риддер, Теміртау қалаларындағы және басқа да қалалардағы ахуал бұған тікелей дәлел бола алады», – дейді министр.
Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары елдімекендердің техникалық бөлігі бойынша дамуын ескере отырып, жылумен жабдықтау жүйелерінің дамуын ғана емес, осы мәселенің экономикалық жағын да ескеретін болады.
Сондай-ақ заң жобасы аясында жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік артады.
«Бүгінгі таңда жылумен жабдықтау саласындағы заңнаманы сақтамау, оның ішінде көптеген азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жылу желілеріне заңсыз қосылу бөлігінде осы бұзушылықты жасағаны үшін жауапкершіліктің жоқтығы мәселесі бар», – дейді министр.
Жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органнан Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне беру мәселесі осыдан бір жыл бұрын көтерілген. Сонда Сәтқалиев бұл жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын және жылу энергиясына реттелетін тарифтер сәйкес келуге тиіс өлшем шарттарды, атап айтқанда тарифтік әдістемені жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз етуді және инвестициялар тарту мүмкіндігін көздейтінін айтқан болатын.