Қуандық Бишімбаев тергеу изоляторында өзіне қол салмақ болғанын айтты
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 4 сәуірде сотталушы айыптау тарапының сұрақтарына жауап беріп жатыр.
«Іс бойынша куәгерлердің бірі сіздің (Қуандық Бишімбаев – ред.) өзіңізге қол салмақ болғаныңызды айтты. Мұны қандай мақсатта жасадыңыз?», – деп сұрады прокурор сотталушы Бишімбаевтан.
Бишімбаев Нүкенованың қаза болғанына құлазығанына байланысты сондай әрекетке бармақ болғанын айтты.
«Сол оқиғадан кейін (9 қарашададан кейін – ред.) өзіңізге жарақат салу туралы ой болды ма?», –деп сұрады прокурор Бишімбаевтан.
«Тергеу изоляторында осындай әрекетке бармақ болдым»,– деп жауап берді Қуандық Бишімбаев.
Прокурор Бишімбаевтың жауабы шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
«Бишімбаев қамауға алынған 5 айдан бері процесcуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторына қойылған видеокамера арқылы сотталушыны жеке бақыладым. Бес ай ішінде өзіңізге бірде-бір рет жарақат салуға тырысқан жоқсыз. Сол күні не себепті куәгердің алдында имитация жасадыңыз?»,– деді қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы.
Алайда Бишімбаевтың адвокаттары сотталушының бұл сұраққа жауап беруіне қарсылық білдірді.
1 сәуірде экс-министр қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап берді.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.