Kcell компаниясы нарықтан 70 млрд теңге тартпақ
Kcell нарыққа 700 облигациясын шығарып, сырттан 70 млрд теңге тартпақ. Компания купондық облигацияларын «Астана қаржы орталығының» қор биржасында (AIX) орналастырады.
Байланыс операторы Директорлар кеңесінің 26 наурыздағы шешімі KASE-де жарияланған. Алайда компания не үшін нарықтан 70 млрд теңге тартып жатқанын нақтыламаған.
Директорлар кеңесінің 26 наурыздағы шешіміне сәйкес, AIX-ке орналастырылатын 1 облигацияның номиналы – 100 млн теңге. Облигациялық бағдарлама 7 жылға есептелген.
Компания наурызда 2023 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есебін жариялады.
2022 жылғы есеп бойынша, компания 40 млрд 350 млн теңге таза табыс тапқан. Ал 2023 жылы бұл табыс 18,4% азайып, 32 млрд 897 млн теңге болды. Мұның үстіндегі 9 млрд 155 млн теңгені табыс салығына төлеген.
Компанияның былтырғы капиталы 171 млрд 518 млн теңгені құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 32 млрд 897 млн теңгеге көп. Ал компанияның активтері 272,4 млрд теңгеден 391,2 млрд теңгеге дейін өсті.
Kcell компаниясының жалпы пайдасы (түсім мен өнімнің өзіндік құны арасындағы айырма) 10 млрд теңгеге азайып, 71,5 млрд теңгеге дейін төмендеді. Операциялық пайда (сатудан түскен пайда) 60,2 млрд теңгеден 50,9 млрд теңгеге дейін қысқарды.
«Кселл» АҚ 2022 жылғы сату көлемі 219 млрд 002 млн теңге болса, былтыр сату көлемі 4 млрд 745 млн теңгеге артқан (223 млрд 747 млн тг).
Оператордың бақылаушы акционері – «Қазақтелеком «АҚ. БЖЗҚ-ға – 7,06%, Ғалымжан Есеновке- 14,87%, First Heartland Jusan bank-ке 9,08% акциясы тиесілі, оны да Есенов бақылайды.