Қазақстандық қара мұнай өнімдері Батуми терминалы арқылы қайтадан Еуропаға жөнелтіле бастады
Қазақстанның қара мұнай өнімдері Батуми терминалы арқылы қайтадан Еуропаға жөнелтіле бастады. Терминал мұнай өнімдерін айлақсыз тиеп жатыр. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» компаниясы хабарлады.
«2024 жылдың наурыз айында «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген қара түсті мұнай өнімдерін 60- 80 мың тонналық партиялармен Aframax танкерлеріне айлақсыз тиеу әдісімен жөнелтуді қайта бастады», – делінген компания хабарламасында.
Содан кейін жүк Еуропа елдеріне жіберіледі. Қазақстаннан шыққан қара түсті мұнай өнімдерін тиеу жұмыстары ай сайын жүргізілмек. Бұл жұмыстың қайта жандануы жүк тасымалдаудың транзиттік және көліктік бағыттарын әртараптандырумен байланысты.
2018 жылдың қазан айынан бері терминалда үлкен көлемдегі мазут пен ВГО (вакуумды газойль) жөнелту тоқтатылған еді. Қара түсті мұнай өнімдерін Aframax танкерлеріне тиеу «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ клиенттеріне тасымалдау шығынын азайтуға мүмкіндік бермек.
Бұл өз кезегінде Батуми арқылы экспортқа шығарылатын қазақстандық жүктердің бағытын тартымды етеді. Оларды ауыстырып тиеу көлемін арттырады. Aframax үлгідегі мұнай танкерлері шикі мұнай мен мұнай өнімдерін шексіз навигациялық аймақта тасымалдауға арналған. Танкердің ұзындығы – 250 метр, ені 44 метр, дедвейті – 114 мың тонна.
2023 жылы Батуми портында ауыстырып тиелетін қазақстандық мұнай азайып, газ көлемі артқан болатын.
2023 жылдың 9 айында ауыстырып тиелген жүк көлемі 2 млн 570 мың тоннаны құраған. Соның ішінде экспортқа женелтілген мұнай көлемі 189 мың тоннаға азайып, ал газ көлемі 23 пайыз артқан.
Бұл портта 2022 жылы 7,6 млн тонна жүк ауыстырылып тиелген, бұл 2021 жылы осы мерзімдегі көрсеткіштен 1,3 млн тоннаға артық.
«ҚазТрансОйл» АҚ 2017 жылғы 22 тамыздан бері «Батуми мұнай терминалына» толық иелік етеді. ҚТО сол арқылы Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік етеді және басқарады.