Halyk Bank жылына екі рет дивиденд төлемек
Halyk Bank өз дивиденд саясатына өзгерістер енгізді. Енді банк қарапайыс акциялары бойынша жылына екі рет дивиденд төлемек. Өзгеріс Директорлар кеңесінің 2024 жылдың 20 наурыздағы отырысында қабылданған. Құжат Қазақстан қор биржасына 3 сәуір күні орналастырылған.
Енді банктің қарапайым акциялары бойынша дивиденд жылына екі рет төленетін болады. Қазақстан заңнамасы талаптарын сақтай отырып, одан артық төленбейді. Ал 2015 жылы бекітілген дивиденд саясатында бір жылда бір-ақ рет төленетіні жазылған.
Бұған дейін банк акионерлері жылдық жиналыста дивиденд төлеу туралы шешімді банк акционерлерінің жалпы жиналысы қорытындысын ескере отырып шығаратын. Жаңа саясатта бұл тармақ алынып тасталған.
Одан бөлек, банктің дивиденд саясаты қаншалықты тиімді екені бағаланады деген тармақ енгізілген. Оның тиімділігі дивиденд төлеу коэффициентін және акцияға шаққандағы дивиденд мөлшерін, сондай-ақ төленген дивидендтердің негізгі көрсеткіштерінің тарихи динамикасын ескере отырып бағаланбақ.
Дивиденд төлерде банк негізгі капиталдың жеткіліктілігі болжамды көрсеткішінің 17%-нан кем болмауын қадағалауға тиіс. Банк қарапайым акциялар бойынша төленетін дивиденд үшін өткен жылдағы аудиттелген шоғырландырылған қаржы есебінде көрсетілген жалпы таза кірістің 50-ден 100%-ға дейінгі бөлігін бөледі. Төлемді қамтамасыз ету үшін еншілес ұйымдардан алатын дивидендтерден ақша тартады. Бұл ретте директорлар кеңесі қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлемеу туралы немесе жалпы сомасын жалпы таза кірістің 50%-ынан кемітуді ұсынуға құқығы бар.
Halyk Bank қаржы көрсеткіштері
2023 жылы банктің меншікті капиталы 2022 жылдың аяғымен салыстырғанда 464.7 млрд теңгеге немесе 23.1 %-ға ұлғайған. Оған банктің былтыр тапқан таза табысының артуы себеп.
Таза пайыздық кіріс 810,4 млрд теңгеге дейін өсіп, басқа пайыздық емес кіріс 400,1 млрд теңге болды. Бұл 2022 жылғыдан 4 млр теңгеге аз. Былтыр банктің таза пайдасы 693,4 млрд теңгені құрады. Ал 2022 жылы 569,4 млрд теңге болған.
Банк активтері бір жылда 8,7%-ға, яғни 15,5 трлн теңгеге өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 14,4 трлн теңге еді. Банк міндеттемелері 13 трлн теңгеге дейін жетті. Ал капиталы 13,6%-ға, 2,5 трлн теңгеге дейін өсті.
Халық банкінің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы банктің 56,4%-ын иеленеді. Акцияның 23,14%-ы номиналды тұлға ретінде әрекет ететін және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York банкіне тиесілі.
Жақында Halyk Bank акционерлеріне 2023 жылғы дивиденд мөлшерін бекіту ұсынды. Әр акцияға 12,1% төленіп, 25,43 теңге деп бағалау бекітілген. Төлем коэффициенті 2023 жылғы таза пайданың 40%-ы болмақ. 25 сәуірде акционерлер сырттай дауыс беруі қажет.