2023 жылдан бері мұнай барлау мен өндіруге 9 млрд доллар инвестиция тартылған
2023 жылы Энергетика министрлігі мұнай барлау мен өндіруге қатысты 5 жетілдірілген келісімшарт жасаған. Осы келісімшарттар негізінде тартылған инвестиция көлемі 9 млрд долларды құрайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бес келісімшарттың екеуі мұнай өндіруге қатысты болса, үшеуі барлауға бағытталған. Олардың қатарында Қаламқас-Теңіз, Хазар және «Әуезов» мұнай кен орындарын, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарындағы Қаратон-Подсолевой кен орындарын барлау және игеру жобасы бар. Бүкіл жобаларға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен шетелдік инвесторлар қатысады.
Жер қойнауын пайдалануға жаңадан жасалған екі келісімшарт бойынша қол қою бонусында Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов теңіз аймақтары үшін сома 32 миллион долларды құраған. Ал Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы Қаратон-Подсолевой учаскесі үшін 100 миллион теңгеге тең.
Сонымен қатар министрлік 2024 жылы 24 бағыт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукциондар өткізеді.
«ҚазМҰнайГаз» АҚ басқармасы төрағасы Мағзұм Мырзағалиев биыл үш жерде барлау ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары басталатынын мәлімдеген. Олардың қатарында Қаратон-Подсолевой кен орны бар. Министрдің айтуынша, Қазақстанның жер қойнауы 24 пайызға ғана зерттелгендіктен, жаңа мұнай кеніштері табылуы мүмкін.
Қаратон жобасы «Татнефть» компаниясымен бірігіп жүзеге асырылады. Ал «Татнефть» ЖАҚ қазақстандық Karaton Operating Ltd жеке компаниясының 50% акциясын сатып алғаны белгілі.
Сонымен бірге Мағзұм Мырзағалиев былтыр «ЛУКОЙЛ» компаниясымен Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын құрылғанын, ол бойынша 2028-29 жылдары алғашқы мұнай өндіруге қол жеткізу жоспарланғанын айтқан. Бұл жоба негізінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тумақ.