Энергетика министрлігі алдағы уақытта Оңтүстік пен Батыс өңірлерде шағын реакторлы АЭС салу жоспарын жоққа шығармайды.
Орталық коммуникалық қызметі алаңында Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов алдағы уақытта елдегі атом энергетикасын дамыту жоспары туралы айта отырып, алдағы уақытта Оңтүстік пен Батыс өңірде АЭС салуға болатынын айтты.
«Жұмыс тобы 10-15 жыл көлемінде жұмыс жасап, тиісті орындарды қарастырды. Ақтау, Курчатов қалаларымен Алматы облысындағы Үлкен ауылы қолайлы орын ретінде таңдалды. Оңтүстік өңірлердегі энергияның тапшылығына байланысты Үлкен ауылы таңдалды. Ақырындап сала бастасақ, шағын 300, 500, 600 МВт реакторлар шыға бастағанда, Оңтүстік өңірде де, Батыс өңірде де (АЭС салуды – ред) қарастыруға міндетті түрде келеміз»,– деп жауап берді вице-министр журналистің Түркістан облысы Көксарай бойында АЭС салу туралы ұсынысына.
Бұдан бөлек, Есімханов референдумның қашан өтетіні және онда қандай сұрақтар болатыны туралы шешімді Үкімет қабылдайтынын, Энергетика министрлігі тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. АЭС салу туралы референдумда халық қарсы дауыс берсе, министрлік энергия көздерін қайдан іздейтінін де атап өтті.
«Самұрық-Қазына сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқан халықтың 50% АЭС салу туралы шешімді қолдаған. Алайда министрлік тек атом энергетикасы саласына қарап отырған жоқ. Қазір қайта жаңартылатын энергия көздеріне қатысты, газ генерациясына қатысты жобалар бар. 10 жыл ішінде қайта жаңартылған энергия көздеріне көңіл бөліп, 10 ГВт энергия алу жоспарда бар», – деді вице-министр.
АЭС салу жөніндегі референдум қашан өтеді?
Еске сала кетсек, 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.
Президент атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екеніне тоқталып, Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде «өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар», – деп мәлімдеді.
Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы Алматы облысының Үлкен ауылында 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.
«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
АЭС салу үшін бірінші кезекте су қажет
Ал «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін алға тартады. Оның айтуынша, елде станса салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.
Британдық New Nuclear Watch Institute (NNWI) өкілдігінің жетекшісі Бауыржан Ибраев Қазақстанда АЭС салынса, Өзбекстан ядролық отын жеткізуге мүмкіндігі бар екенін атап өткен.
Бұған дейін Ибраев Қытай АЭС-ті екі есе арзанға салып бере алатынын, бірақ оның ұсынысы өтпегенін айтқан. Шығыстағы көрші АЭС-ті ел үкіметі қарастырып отырған 6 млрд доллардан екі есе арзан: 1,2 ГВт бір блокты 2,3 миллиард долларға салып беруі мүмкін еді.
Энергетика министрлігі бастапқыда бір 1,2 ГВт қондырғының құны 5 млрд доллар және екі блокты (2,4 ГВт) бүкіл станция үшін 10 млрд доллар қажет екенін мәлімдеген. Жыл соңына қарай 12-15 млрд долларға тең цифрлар айтылып жатыр.
Қазір «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына қаржы тартудың жолын қарастырып жатыр. Оның қатарында станция құрылысын Ұлттық қор есебінен қаржыландыру бар.