Қаржы нарықтарында қағидалар белгілейтін шетелдік кәсіптік ұйымдар тізбесі жария болды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарықтарында бірыңғай қағидалар белгілейтін шетелдік кәсіптік ұйымдар тізбесін жариялады.
Ашық НҚА жүйесінде «Қаржы нарықтарында бірыңғай қағидаларды және (немесе) стандарттарды белгілейтін шетелдік кәсіптік ұйымдардың тізбесін бекіту туралы» қаулы жобасы пайда болды. Жобаға сәйкес, қаржы нарықтарында бірыңғай қағидаларды және (немесе) стандарттарды белгілейтін шетелдік 3 кәсіптік ұйым тізбесі жарияланды.
- Несиелік нарық қауымдастығы – Loan Market Association (LMA);
- Синдикатталған несиелер және сауда қауымдастығы – Loan Syndications and Trading Association (LSTA);
- Несие нарығының Тынық мұхиттық ассоциациясы – Asia Pacific Loan Market Association (APLMA).
Қоғамдық талқылау мерзімі 18 сәуірге дейін созылу мүмкіндігі болғанымен, қаулы жария болған күннен 10 күн өткеннен кейін, яғни 13 сәуірде күшіне енуі тиіс.
Осыған дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық салуға жатпайтын бағалы қағаздармен мәміле жасаудың жаңа критерийін енгізуді көздейтін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Салық кодексіне түзетулер енгізу жобасына түсініктеме берген. ҰКП-ның бұл түсініктемесі «Ашық НҚА» сайтында жарияланған.
Реттеуші көлемі мен санынан басқа (ай сайын кемінде 25 млн теңге және кемінде 50 мәміле) тағы бір шарт енгізуді ұсынды. Яғни ашық сауда-саттықта кемінде 10 млн дана бағалы қағаздарды міндетті түрде орналастыру қажеттілігі ұсынылып отыр. Ұлттық палатаның пікірінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі облигацияларды жеке орналастыруды, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасуды ескермеген. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин мұндай жағдайларда сыйақылар салық салу объектісі болып табыла ма деген сұраққа жауап іздеді.