Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды. Бас банк жаңа алаяқтық схемаларының пайда болуына қатысты осындай мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Ұлттық Банкі сот ісі мен шешімдері аясында жасалған «жеке сот орындаушыларының» жалған құжатын ұсыну арқылы алдайтын алаяқтардың жиілеп кеткенін ескертеді», – деп хабарлады реттеуші.
Қаражат жымқыруды көздейтін қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. Онда азаматтарға тиесілі Ұлттық Банкте «жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты» бар деп алдайды. Сол үшін жәбірленуші тарап ретінде азаматтарға ақшалай төлемдер мен өтемақылар төленеді деген сылтаумен кейін «Ұлттық Банктің қаражатынан» өтеледі деп сақтандыру жарнасын енгізу керек екенін алға тартады.
Азаматтарды сендіру үшін мемлекеттік органдардағы «уәкілетті тұлғалардың» немесе жеке сот орындаушысының қолы мен аты-жөні жазылған, мөр басылған жалған құжаттарды көрсетеді. Мұндай «растаушы құжаттар» азаматтарды үшінші тұлғаға ақша аударуға сендіру үшін көрсетіледі.
«Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз. Егер сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, тиісті арызбен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөмірлі байланыс орталығына хабарласуға болады», – деп хабарлады бас банк.
Ұлттық Банк алаяқтық жиілеп кеткені жайлы бұған дейін де ескертті
Алаяқтар өзінің «құзыретін» дәлелдеу үшін жалған құжат көрсетеді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, алаяқтар азаматтарды үш түрлі тәсілмен алдап жүр. Біріншісі, өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырады. Сонымен бірге өзін «құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкерлері» деп те атайды.
«Арнайы операция» немесе тексеру жүргізуді сылтау еткен алаяқтар іс-әрекетінің заңды екенін растау үшін қоңырау желісін «арнайы және құқық қорғау органдарының, Ұлттық Банк қызметкерлеріне» жалғайды. Жалған қызметтік куәліктерді, нұсқаулықтары бар хаттарды, сондай-ақ «қаражатты сақтандыру» және банк аударымдарын жүзеге асыру туралы деректемелерді жібереді, – делінген хабарламада.
Мұндай құжаттарда көбіне несие қарызы немесе оның өтелуі, сондай-ақ қаражат айналымы туралы егжей-тегжейлі ақпарат болады. Қосымша құжаттарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының «уәкілетті тұлғаларының» қолы, аты-жөні, мөрі және басқа да растайтын деректер көрсетіледі.
Екіншісі, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді «бұзып», алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Мессенджерді «бұзу» үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді. Хабарламаны алған адам сілтемені басқан кезде, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильді иемденіп алады.
Әрі қарай алаяқтар профиль иесінің атынан оның туысынан, танысынан, досынан немесе әріптесінен қарызға ақша сұрайды. Қаржыны банк картасына немесе үшінші тұлғаның шотына аударуды сұрап, жаппай хабарлама таратады, – делінген хабарламада.
Үшіншісі, алаяқтар мобильді банкинг арқылы ойдан шығарылған тауарды сатып лады. Кейін салық (қызмет) төлеп немесе банк шотына шектеу қойып ақшаны онлайн ұрлайды. Бұл хабарламалар «электронды тұзақ» болып шығады. Айтылған шотқа өткен кезде, мобильді қосымшадағы шоттан ақша ұрланады.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының» атын пайдаланып алаяқтық жасау
Айта кетейік, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілерде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының» атын пайдаланып, алаяқтық жасап жүрген адамдар жайлы ескерткен еді.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады. Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген қалалық прокуратура хабарламасында.