Осы жылы Қазақстанның түсті металлургия саласында 169 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асырылады. Бұл жайлы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, елде алюминий радиаторларын, катодты мыс, доре қорытпалары және басқа да металл түрлерін өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылады. Бұл жобалар аяқталған соң 2000-ға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылады.
Жоспарланған жобалардың өндірістік көлемі шамамен 136 млрд теңге көлемінде болады. Ал экспортқа 71 млрд теңгеге өнім жіберіледі деп күтілуде.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы түсті металлургия саласында 1,8 трлн теңгеге 49 жоба жүзеге асырылмақ. Оларды жүзеге асыру негізінде 11 мыңнан астам азаматты жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі туындайды. Ол жұмыс орындарының 7400-ге жуығы ауылдық жерлерден, 377-сі моноқалалардан ашылады.
Барлық 49 жобаның жобалық қуатына шаққандағы өндірістік көлем шамамен 2,3 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Ал экспортқа 1,4 трлн теңгенің өнімін шығару жоспарланған.
Осыған орай ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Jiaxing International Resources Investment LTD бас компаниясының өкілдерімен кездесу өткізген. Кездесуде тараптар Алматы облысындағы Бұғыты кен орнының вольфрам өндіру жобасының іске асыру барысын талқылаған.
Бұғыты кен орнының құрылысын «Жетісу Вольфрамы» ЖШС жүзеге асырады. «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-нің құрылтайшылары – «АРАЛ-КЕГЕН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен EVER TRILLION INTERNATIONAL SINGAPORE PTE. LTD. «АРАЛ-КЕГЕН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы жоғарыда аталған Jiaxing International Resources Investment LTD компаниясы.
EVER TRILLION INTERNATIONAL SINGAPORE PTE. LTD. Сингапурда тіркелген 2019 жылы құрылған компания. Ашық дереккөздерде оның құрылтайшысы туралы ақпарат жоқ. Айта кету керек, компания тіркелген мекенжайды тіркеу орны ретінде көрсеткен компаниялар қарасы көп.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорынды құрылыс-монтаждау және тау-кен дайындау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Пайдалануға 2024 жылдың соңына жоспарланған. Кен байыту фабрикасы 1000 адамды жұмыспен қамтиды.
«Кәсіпорынның жобалық қуаты 65% вольфрам концентратын шығарумен 3,3 млн тонна вольфрам кендерін өндіру және өңдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Өткен жылы түсті металлургия саласында құны 26,8 млрд теңге болатын бес жоба іске асып, нәтижесінде 835 жұмыс орны құрылған.
Түсті металлургия саласы – отандық өнеркәсіптің ірі және жетекші салаларының бірі. Оның дамытуға қажетті түсті металдар – мыс, мырыш, никель, қорғасын, алюминий, алтын, күміс кендерінің қоры бар меншікті шикізат базасы жеткілікті. Салада жүзеге асырылатын жобалардың басым бөлігі Қарағанды облысы мен Шымкент қаласына тиесілі.