Қырғызстан Қазақстанға су тасқынына байланысты гуманитарлық көмек жібереді

Жарияланды
гуманитарлық көмек
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі гуманитарлық көмек дайындап жатыр / Фото: kursiv.media

Қырғызстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатыр. Бұл жайлы Жогорку Кенеш отырысында министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров мәлімдеді.

Жапаров Бішкек жылу электр орталығында болған апаттан кейін Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасына көмек қолын созғанын айтқан.

«Олар бізден көмек сұрамаса да, бұл жағдайда біз оларға гуманитарлық көмек жібереміз деп шештік. Мен осы сәтті пайдаланып Өзбекстанға, Түркіменстанға және Қазақстанға алғысымды білдіргім келеді. Президенттің көрші елдермен жүргізіп отырған достастық саясатының нәтижесінде олар біз сұрамай тұрып-ақ көмек қолын созды», – деді Ақылбек Жапаров.

Ол Президент тапсырмасымен гуманитарлық көмекті Төтенше жағдайлар министрлігі дайындап жатқанын, Қазақстанға негізінен отандық өнімдер жіберілетінін айтқан.

Жапаров сонымен қатар 8 сәуірде Қарғызстанға Қазақстан премьер-министрі ресми сапармен келетінін, сол кезде қандай көмек көрсетілетіні нақтыланатынын айтқан.

Еске сала кетсек, Бішкек ЖЭО-сында болған апатқа байланысты Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберген болатын. ТЖМ 5 наурызда Мемлекеттік материалдық резервтен тиелген 1000 тонна дизель отыны ресми түрде Қырғыз Республикасына берілгенін хабарлады. Гуманитарлық көмек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілген болатын.

Бішкектегі апат

Еске сала кетсек, 2 ақпан күні Бішкек ЖЭО-сында жарылыс болды. Апатқа байланысты Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров Қазақстандағы ресми сапарын үзіп еліне қайтқан болатын. Жарылыс салдарынан қаланың бір бөлігі жылусыз қалған.

Бішкек ЖЭО-сында болған апаттан кейін, Қазақстан Қырғызстанды электр энергиясымен қамтуға да көмек көрсетті.

Бұл мәселе Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің екі ел арасындағы өзекті мәселелері бойынша телефон арқылы келіссөздері барысында талқыланған.

Екі тарап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бішкек қаласының ЖЭО-ға қатысты жағдайды реттеуге жәрдемдесуді үйлестіру бойынша екіжақты шараларды іске асыру барысына тоқталған.

Өз кезегінде Қырғызстанның Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның Жамбыл МАЭС-нен электр энергиясын жеткізу көлемін ұлғайтуға байланысты мәселені жедел шешкені үшін алғысын білдірді. 

Сондай-ақ оқыңыз