Қазақстанда алтын мен мұнайдың қанша геологиялық қоры бар?

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Алтын мен мұнайдың геологиялық қоры қанша жылға жетеді? / Фото: kursiv.media

Қазақстанда алтынның 2300 тонна геологиялық қоры бар. Бұл алдағы 20-25 жылға дейін жететін қордың мөлшері. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров мәлім етті.

Комитет төрағасы елімізде алтын өнідіретін жаңа кен орындары ашылып жатқанын айтты.

«Жылдық өндіретін алтынымыз 90 тоннаны құрайды. Бұл 20-25 жылдық қор.  Бірақ біздің болжам бойынша Қазақстанда алтынның қоры 20 мың тоннаға дейін барады. Қазірде алтын кен орындары қосылып жатыр. Біздің баланстағы бар жағдай әзірге осы. Ал барлау жұмыстары бітіп,  өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан  нысандардың қоры айтып өткенімдей 2300 тоннаны құрайды»,деді спикер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ерлан Ақбаров елімізде мұнай өндіру бойынша да қанша геологиялық қор қалғанына тоқталды. Оның айтуынша Қазақстанның мұнай бойынша геологиялық қоры бүгінде 4,4 млрд тоннаны құрайды.

«Оның ішінде С-1 категориясы бойынша 2,9 млрд тонна мұнай қоры бар. Бұл қор қазіргі жасап тұрған жер қойнауын пайдаланушылардың қоры. Бұдан бөлек қосылмаған, барлау жасалып жатқан қаншама кен орындары бар. Ол таусылып қалады деген әңгіме емес. Қазақстанның мұнай бойынша болжамдық қоры 78 млрд-ты құрайды. Бізде Каспийдің шөгінді жыныстарындағы төменгі қабаттарын зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде «Еуразиялық» жоба бар. Каспийдің шөгінді жыныстарының қашықтығы 25 шақырымға дейін жетеді. Ол бойынша мемлекет ақша бөліп үлкен  жұмыс жасалды. Ал болжау жұмыстары жүргізілгенде, триллонға дейін қор берді. Триллионның бәрі болады деп айта алмаймыз, сонда да болжам жасалды.  Бұл ғылыми тұрғыда», – деп түсіндірді комитет төрағасы.

Геология комитетінің төрағасы БАҚ өкілінің: «Қазақстан аумағы толыққанды зерттелген бе, қазір қандай қазба байлықтарға тапшылық бар?», – деген сауалына жауап берді.

«Зерттеу  түрлі масштабқа бөлінеді. Мысалы, біздің жасап жатқан картографиялық жұмыстар бойынша Қазақстанның аумағы толық 100 пайызға зерттелген. Ал 200-дік масштабтағы зерттеулер толыққанды әрі қарай іздестіру жұмыстарына негіз бермейді. Сол себепті 2022 жылы геология саласын дамытудың тұжырымдасы бектілді. Тұжырымдамадағы бірінші біздің бағытымыз мемлекеттің геологиялық зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру.  Яғни 200-дік масштабтан 50 мыңдық масштабқа көшіру. Бұл 50 мыңдық масштаб преспиктиваларды, аумақтарды анықтауға толық мүмкіндік береді», – деп жауап берді Ерлан Ақбаров.

Геологиялық зерттеулерге жылына қанша қаржы бөлінеді?

Ерлан Ақбаровтың мәліметінше, жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу үшін жылына шамамен 10 млрд теңге қаржы құйылады. Соңғы 5 жыл ішінде қаржыландыру сомасы 52 млрд теңгені құраған. Ал жер қойнауын пайдаланудан барлауға құйылған инвестицияларға жалпы сомасы 357 млрд теңге жұмсалған.

«Елдің минералдық-шикізат базасының әлеуетін арттыру және толықтыру үшін жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді тұрақты қаржыландыру жеке инвестициялардың ұлғаюына әсер ететінін түсіну қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін Қазақстандағы зерттеу аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырды», – деді спикер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Геология комитеті төрағасының айтуынша, жер қойнауын пайдалануға инвестицияларды арттыру мақсатында мемлекеттік қорды басқару бағдарламасына еліміздегі пайдалануға жарамды барлық жер қойнауы енгізілген.

Бұған дейін 2023 жылдан бері мұнай барлау мен өндіруге 9 млрд доллар инвестиция тартылғаны туралы хабарлаған едік. Энергетика министрлігі мұнай барлау мен өндіруге қатысты 5 жетілдірілген келісімшарт жасаған. Осы келісімшарттар негізінде тартылған инвестиция көлемі 9 млрд долларды құрайды. 

Бес келісімшарттың екеуі мұнай өндіруге қатысты болса, үшеуі барлауға бағытталған. Олардың қатарында Қаламқас-Теңіз, Хазар және «Әуезов» мұнай кен орындарын, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарындағы Қаратон-Подсолевой кен орындарын барлау және игеру жобасы бар. Бүкіл жобаларға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен шетелдік инвесторлар қатысады.

Еске салайық Қазақстанда соңғы 4 жылда заңсыз алтын өндіру мен ұрлаудан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асып кеткені жөнінде жазған едік. Сенат депутаты Андрей Лукин мәліметінше, кейінгі 1 жылда 25 тоннаға жуық алтын заңсыз өндірілген. Соңғы төрт жылда Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымымен байланысты 133 қылмыстық құқық бұзу тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз