Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті фильмдерді қаржыландыру мақсатында іріктеу ережелеріне өзгеріс енгізді. Жаңа өзгерістер қамтылған бұйрық 12 сәуірден бастап күшіне енеді.
Министрліктің хабарлауынша, киножобаларды іріктеу екі кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезеңде – фильмдердің сценарийін (ойын және анимациялық фильмдер үшін), сценарий жоспарлары (деректі және хроникалы фильмдер үшін) қаралады.
Екінші кезеңде тақырыптық жоспарға сай келетін, сараптама кеңесі іріктеген жобалардың құжаттарын жинақтау жүзеге асырылады. Құжаттарды тапсырғаннан кейін, үміткерлерге анықталған қателерді түзетуге 3 күн уақыт беріледі.
«Орталық құжат қабылдау аяқталғаннан кейін, талаптарға сай келетін өтініш берушілердің құжаты сараптама кеңесінің қарауына жіберіледі. Содан кейін киножобалардың ашық қорғау (питчинг) күні белгіленіп, үміткерлерге питчингті өткізу уақыты қосымша хабарланады. Питчинг ашық форматта өткізіледі және сараптама кеңесі әр категория бойынша әділ шешім шығаруға ықпал етеді. Орталық сараптама кеңесінің қорытындысын ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізеді. Конкурстың барлық кезеңдеріне қатысты ақпараттар орталықтың интернет-ресурсында және әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарында қолжетімді болады. Бұл шаралар мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудегі ашықтықты қамтамасыз етпек», – делінген министрлік хабарламасында.
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» (ҰКҚМО) 2019 жылы құрылған сәттен бастап жалпы сомасы 17,4 млрд теңгеге 100-ден астам киножобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.
«Бұл фильмдердің ішінде 47 толықметражды фильм, 25 деректі фильм, 24 қысқаметражды фильм және 10 анимациялық фильм бар. 18 толықметражды фильм прокатқа шықты. Тек 47 жоба кинотеатрлардан көрсетіледі, оның 18-і шықты, қалғаны шығуға дайын», – делінген баспасөз хабарламасында.
2023 жылдың қорытындысы бойынша киноорталықта 30-ға жуық толықметражды фильмнің өндірісі аяқталып, прокатқа шығуға дайындалып жатыр. Олардың басым бөлігі биыл көрерменге жол тартады. Ал прокатқа шығарылмайтын деректі, қысқаметражды және анимациялық кинолар тек фестивальдерге ұсынылып, теледидардан көрсетілмек.
Киностудия ма, таксопарк па?
Еске салайық бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясын жаңғыртуға инвестор тартылатынын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ министр Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы киностудия алаңын таксопарк ретінде пайдалануына қатысты пікір білдірген еді. Балаева халық арасында шу тудырған жердің сатылмайтынын айтты.
«Ал енді қоғамдық резонанс тудырған жер теліміне келсек, жер телімі мемлекет меншігінде және ешкімге, ешқандай жағдайда, ешқандай мақсатқа берілмейді. Сондықтан да бұл жөнінде жалған ақпарат тарату, қандай да бір артық сөз айтуды – орынсыз деп есептеймін. Әрине, «Қазақфильмге» қатысты қоғамның жанашырлығы дұрыс әрі орынды. Өйткені кино – ұлттық идеологиямыз бен рухани келбетімізді әлемге әйгілеудің айнымас құралы. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін «Қазақфильмнің» елімізде ғана емес, халықаралық киноиндустриядағы даңқын қайтару – қастерлі міндет және жауапты іс»,– деді Балаева.
Атақты фильмдерімен даңқы шыққан киностудияның «автобазарға айналғаны» туралы ақпарат тарады. КТК арнасының журналисі Асқарбек Қазанғап киностудия президенті Азамат Сатыбалдының киностудияның аумағын Қытай көліктерінің базарына айналдырып жібергенін айтты.
«Мен Азамат Сатыбалдыны қудалап отырған жоқпын. Мені киностудияның жағдайы алаңдатады. Азаматтық қызметкерлердің 30 пайызы ақысыз демалысқа жіберілді. Бұрын павильонның құны 200 мың теңге болатын, қазір 750 мыңға көтерілді, прокат бағасын 100 пайызға өсірді. Олар «Қазақфильмге» жанашырлық танытатындардың барлығын шығарып жатыр», – деп мәлімдеді киностудияда жұмыс істейтін актер Қуандық Дүйсембаев.
Ал Азамат Сатыбалды мекемеде жұмыс істейтін 178 адамның айлығын тауып беру үшін «Қазақфильм» алаңын жалға бергенін мәлімдеген.
«Қазақфильм» президенті ретінде менің басты міндетім – 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыстар жасаймын ба ол менің міндетім. Сондықтан да мен киноадан да басқа жұмыстар арқылы мен 178 адамның айлығын тауып беріп тұруым керек. Бұл – кәдімгі таксопарк. Ешқандай көлік сатылмайды, бұл автосалон емес», – деп жауап берген актер.