Қазақстанда мемлекетке қайтарылған жерлерді бөлу үшін өткізілетін байқау шарттары қайта қаралады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Өңірлерде жерлерді бөлу тәртібі қайта қаралады / Фото: kursiv.media

Бұдан былай елімізде мемлекетке қайтарылған жерлерді бөлу мақсатында өтетін конкурстардың шарттары қайта қаралатын болады. Пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою мәселелері жөніндегі комиссия отырысында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осындай тапсырма берді. Жалпы жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы 391,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Пилоттық режимде мемлекеттік жер кадастрының және техникалық зерттеудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2.0 жер пайдаланушының есептік жазбасы құрылды. Онда топырақтың (қарашірік, жылжымалы минералдар) және өсімдік жамылғысының жай-күйінің жоғары сапалы агрохимиялық сипаттамасы бар жер учаскесі туралы ақпарат болады. Оны ұтымды пайдалану критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бес жыл сайын учаскені зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Егер өнімділіктің нашарлауы анықталса, тиісті шаралар қабылданады.

Әлеуетті меншік иелеріне қойылатын топырақ сапасын, өсімдік жамылғысын сақтау, жайылымдардың тозуын болдырмау, ауыспалы егістерді сақтау сынды талаптар күшейеді. Сонымен қатар қолданыстағы конкурстағы жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелер тәртібі де қатаңдатылады.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, 2022-2024 жылдары барлығы 10,4 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 3,7 млн ​​га жері жергілікті халыққа қайта бөлінді (жалпы мақсаттағы мал жаюға – 1,72 млн га, конкурстық негізде бөліп пайдалануға – 1,69 млн га).

Жайылым тапшылығын азайту үшін әкімдіктерге, жалпы пайдалануға, мал жаю үшін 562,1 мың га жайылымдық жер бекітіліп берілген. 65,1 мың га жайылым жер пайдалануға конкурстық негізде берілген, 746,6 мың га резервке қойылған. Елдiмекендер шегiне 97,3 мың га жайылымдық жер енгiзiлдi.

«Бүгінде біздің негізгі міндетіміз – жерді қайтару ғана емес, тиімді пайдалану және жер пайдаланушыларды бақылау. Алынған жерлерді пайдалану мен жақсарту үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Байқау шарттарын бизнес-қоғамдастықпен, әкімдіктермен және басқа да мүдделі қатысушылармен талқылаған жөн. Топырақты, өсімдік құрамын сақтау, заманауи технологияларды пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер қою керек. Ол үшін жерді бөлудің жаңа ережелері мен принциптерін әзірлеу қажет», — деді Серік Жұманғарин.

2023 жылдың қортындысы: Қазақстанда мемлекет меншігіне қанша гектар жер қайтарылды?

2023 жылдың соңында Үкімет пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған еді.

Жерді мемлекетке қайтару ісі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылып, тапсырма берілгеннен кейін жүзеге асқан. Жолдаудағы мәселелерді шешу мақсатында арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірген.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елдімекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың қажеттіліктері үшін берілуде», – делінген Үкімет хабарламасында.

Сондай-ақ елімізде жер ресурстарының ашықтығын қамтамасыз ететін Жария кадастрлық карта құрылады. Енді бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат ашық болып және оны жария картадан таңдауға болады.

Ал биыл қаңтар айында Үкімет сенаторлардың «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын және құнарлы жерлерді сақтау мен қалпына келтірудің ұзақ мерзімді ғылыми мақсатты бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасын қолдады. Құжатта ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарды қоршаған ортаның бір бөлігі ретінде қорғауға бағытталған негізгі стандарттар белгіленеді. Депутаттар 2035 жылға дейін жерді зерттеудің ұзақ мерзімді мемлекеттік ғылыми бағдарламасын қабылдауды ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз