ЕАЭО елдері арасында азық-түлікке ең көп ақша жұмсайтын Қазақстан халқы
ЕАЭО елдері арасында Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанмен салыстырғанда қазақстандықтар тамаққа ең көп ақша жұмсайды. Бұл туралы ЕАЭО елдерінің 2018–2022 жылдардағы өмір сүру деңгейіне арналған статистикалық зерттеуде жазылған.
Зерттеуде айтылғандай, қазақстандықтардың азық-түлікке табысының 51%-ын, Ресейде 32,9%-ын жұмсайды екен. Ал көлік, ақпарат және байланысқа ең көп шығын шығаратындар Ресейде, 18,7%-ға дейін.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанармайға көп шығынданатын Армения болып шықты. Көрсеткіш 19,9%-ды құрайды. Одан кейінгі орында Қазақстан тұр – 7,3%- дан. Азаматтар денсаулық сақтау мен білім беруге өз табысының Қазақстанда 4,3%, Армения мен Беларуссияда 7,8%-на дейін жұмсайды.
2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда ЕАЭО-ның барлық елінде орташа айлық жалақы өскен. Бірақ ең көп өсім Қырғызстанда тіркелген, 37,3%-ға өскен. Ал өсім Қазақстанда – 23,7%, Арменияда – 15,4%, Ресей – 14,1%, Беларусьте – 13,1%-ды құрады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметі бойынша, Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде кедейлік деңгейі көрсетілген мерзімде өзгермеген жалғыз ел болды. Ал Арменияда – 1,7 пайыздық тармаққа, Беларусьте – 0,2, Қырғызстанда – 0,1, Ресейде – 1,2 пайыздық тармаққа төмендеген.
Адам дамуының индексі бойынша әлемнің 193 елінің ішінде Ресей 56-шы, Қазақстан 67-ші, Беларусь 69-шы, Армения 76-шы, Қырғызстан 117-ші орында.
Айта кетейік, Адам дамуының индексі (АДИ) ұзақ және салауатты өмір сүру, білім алу және лайықты өмір сүру деңгейіне жету мүмкіндігін сипаттайтын интегралды көрсеткіш болып табылады. АДИ 1990 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен есептеліп келеді.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың IV тоқсанында қазақстандықтардың табыстары жан басына шаққанда орта есеппен 305 мың теңгені құрады. Ал халықтың шығыстары жан басына шаққанда орта есеппен 277 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 12,3%-ға жоғары.
Елорда көш бастады
Өңірлер бойынша қарастырсақ, ең жоғары орташа табыс деңгейі – 430 мың теңге Астана тұрғындарына тиесілі. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент пен Түркістан облысында тіркелді. Бұл өңірлердегі табыс деңгейі орташа республикалық деңгейден 27%-ға төмен.
Қазақстандықтардың табысының басым бөлігі – 74%-ы жалақыдан, 16,8%-ы зейнетақыдан және 3,7%-ы жәрдемақыдан тұрады.
Қазақстандықтардың шығыны да артып келеді. Осылайша, халық орта есеппен тоқсанына шамамен 277 мың теңге немесе айына 92 мың теңге жұмсайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3% жоғары.