Polymetal компаниясының халықаралық инвесторлармен жасаған келісімі AIX-тегі сауда-саттық көлемін арттырған

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
AIX-тегі сауда-саттық көлемі артқан. Фото: AIX баспасөз қызметі

2024 жылдың бірінші тоқсанында AIX-тегі жалпы сауда көлемі 463 млн долларды құраған. Бұл 2023 жылдың І тоқсанындағы 67 млн доллармен салыстырғанда жеті есе артық. Astana International Exchange 2024 жылдың үш айындағы жұмыс қорытындысын жариялады.

Соңғы айларда AIX-тегі сауда көлемі бұрын-соңды болмаған өсім көрсеткен. Оған Polymetal International plc компаниясының халықаралық институционал инвесторлармен жасаған келісімі себеп.

2023 жылы компанияның бастапқы листингі AIX биржасына ауыстырылуы мен АХҚО-ға редомициляциясы биржадағы сауда-саттық көлемін арттырған болатын.

Ал жыл басында Polymetal International компаниясының ірі акционері ауысты.

Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы  –Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде ол компанияның ірі акционеріне айналды.

Александр Несиске тиесілі ICT Holding-тің еншілес ұйымы  – Powerboom Investments Limited омандық компанияға өз иелігіндегі 113 201 189 акциясын сатқан. Мәміле нәтижесінде ICT Holding Polymetal-дағы өз үлесін толығымен өткізді. Сәйкесінше, ICT Holding өкілі Константин Янаков «Полиметал» директорлар кеңесінің құрамынан шыққан. Ал омандық компания өз өкілін директорлар кеңесінің құрамына жақын арада ұсынады. Мәміле құны жарияланбаған.

7 наурызда Polymetal International акционерлері компанияның ресейлік активтерін сату туралы келісімді мақұлдаған болатын. Ал 11 наурызда компания Ресейдегі активтері толық сатылғанын хабарлады. Polymetal International plc Ресейдегі үлесін «Мангазея плюс» АҚ компаниясына сатты.

Қазіргі кезде AIX ресми тізіміне 101 эмитенттің 165 құнды қағазы кіреді. Биржа ашылғаннан бері тартылған капитал көлемі 4,8 млрд долларға жеткен. Қазір биржаның Қазақстан, Қытай және Европа елдерінен 37 сауда мүшесі бар.

Сондай-ақ оқыңыз