Nvidia мен Indosat бірлесіп Индонезияда құны 200 млн доллар болатын жасанды интеллект орталығын салады
Nvidia корпорациясы және Индонезия телекоммуникациялық компаниясы pt Indosat Tbk. елде құны 200 млн доллар болатын жасанды интеллект орталығын салуды жоспарлап отыр.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, екі компания Орталық Ява провинциясындағы Суракарта қаласында нысан салуды жоспарлаған.
Nvidia корпорациясы бас атқарушы директор Дженсен Хуанг әлемде жасанды интеллект инфрақұрылымын құруға және іске қосуға ұмтылатын елдердің саны артып келе жатқанын айтады.
«Үндістан, Жапония, Франция және Канада сияқты елдер «тәуелсіз жасанды интеллект мүмкіндіктеріне» инвестиция салудың маңыздылығы туралы айтады. Олардың деректер ресурстары өз елдерінде жетілдіріліп, өндірілуі керек. Тәуелсіз жасанды интеллекттің мүмкіндіктері жаһандық сипатқа ие», – деді Хуанг.
Хуанг Канадада OpenAI-дің танымал ChatGPT құралын қолдана отырып, жасанды интеллект жүйелерін дамытуға айтарлықтай үлес қосқан бірқатар академиялық институттары барын айтады. Қазіргі уақытта ел өз ғалымдарының жұмысынан пайда табу үшін қажетті супер компьютерлерді жасақтап жатыр.
Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – суперкомпьютер
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуаты күшті «суперкомпьютер» құруға кіріскенін айтқан еді. Сонымен қатар Қазақстанды әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыру қажет екенін айтты.
Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан президенттің айтуынша, мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн. Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс.
Сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллектіні реттеу жөніндегі арнайы комиссия құрылады. Ол осы саладағы жаңа технологияларды дамыту қауіпсіздігін бағалайтын болады. Бұл туралы «Ашық НҚА» сайтында жарияланған «2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасы» жобасында жазылған.
Құжатта атап өтілгендей, Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан»бағдарламасы және «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» жобасы бойынша денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект қолданыла бастады. Қазір елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және цифрлық трансформация тұжырымдамасы сияқты стратегиялық жоспарларында жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі міндеттер айқындалған.