Қазақстандықтар жаңа петиция жүйесінде шенеуніктердің отставкасына және мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты талап қоя алмайды
Қазақстанда ресми онлайн-петициялар сайты e-Petition.kz ашылды. Өтінішті Үкімет деңгейінде қарау үшін ол 50 мыңнан астам дауыс жинауы керек. Алайда жүйе арқылы қазақстандықтар әкімдер мен министрлердің отставкаға кетуін талап ете алмайды, ІІМ жұмысына, Мемлекеттік тіл мәртебесіне, Мемлекеттік рәміздерге қатысты өтініш жібере алмайды.
2024 жылдың жылдың қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Петициялар туралы» заң күшіне еніп, 4 сәуірден бастап қазақстандықтар электрондық петиция бере алатын ресми сайт іске қосылды.
Қандай мәселелерге петиция жариялауға болмайды
Алайда жаңа жүйеге кіріп, петиция жариялау туралы батырманы басқан кезде «Петиция нысаны бола алмайтын тақырыптар тізімі» шығады:
- Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғатын;
- Конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығы мен имандылығына нұқсан келтіретін;
- Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесінің, республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығының, оны басқару нысанының өзгеруі;
- Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы және Мемлекеттік шекарасы;
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот төрелігін жүзеге асыру;
- Прокуратура органдарының жоғары қадағалауы;
- Сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру, құқық қорғау қызметі, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзет іс-шараларын жүргізу;
- Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасы;
- Қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті қорғау;
- Азаматтарға рақымшылық және кешірім жасау;
- Қазақстан Республикасы президентінің, Парламенті палаталарының және Үкіметінің қарауына жататын адамдарды қызметке тағайындау және сайлау, қызметтен босату;
- Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау;
- Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасымен реттелетін;
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері;
- Мемлекеттік тіл мәртебесі;
- Мемлекеттік органдар функцияларының өзгеруі;
- Төтенше ахуал және (немесе) төтенше жағдай режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданған шешімдердің күшін жою және оларды өзгерту туралы.
Жүйедегі келісім шарттары
Жүйеге eGov қосымшасы арқылы тіркелу қажет, яғни ЖСН мәліметтерін теріп, жеке деректерді көруге мүмкіндік беріледі.
«Осы келісімді жасай отырып және осы келісімнің қосымшасына сәйкес дербес деректерін ұсына отырып, Пайдаланушы «Петиция» ақпараттық жүйесінің Иеленушісіне дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді», – делінген жүйедегі пайдаланушы келісімінде.
Бұдан бөлек, келісімді иеленуші(яғни Цифрлық даму министрлігі -ред.) кез келген уақытта, қандай да бір арнайы ескертусіз толық немесе ішінара өзгерте алады. Келісімнің жаңа редакциясы оның интернет-ресурста жариялану сәтінен бастап күшіне енеді.
Осыған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Қазақстан Президенті қазан айында қол қойған «Петициялар туралы» заң 2024 жылдың сәуір айында ғана күшіне енетінін және әзірге бұл заңмен реттелмегендіктен, петициялар қарастырылмайтынын айтқан еді.
30 наурызда қазақстандықтар су тасқынына кінәлі деп саналатын шенеуніктердің қызметінен кетуін талап етіп петиция жариялаған. Оған 3 мыңнан астам адам қол қойған.