Үндістаннан Алматыға ұшып келген жолаушыдан тырысқақ анықталды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Air Astana рейсінің бортымен ұшып келген жолаушыдан қауіпті ауру анықталды / Архив: kursiv.media

Дели-Алматы бағыты бойынша ұшып келген Air Astana рейсінің бортында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында тырысқақ белгілері бар жолаушы анықталды.

«5 сәуірде Дели-Алматы бағыты бойынша Air Astana рейсінің бортында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында іш өту, айқын әлсіздік, ауыздың құрғауы сынды шағымдары бар жолаушы анықталды. Қырғыз Республикасының азаматы Делиден Қырғызстанға Алматы қаласы арқылы бармақ болған. Санитарлық-карантиндік бақылау мамандары жұқпалы ауруға күдікті әйелді медициналық тексеруді жедел ұйымдастырып, талдау нәтижелерін алғаннан кейін «тырысқақ» диагнозы қойылды», – деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Науқас және байланыста болған жолаушылар Алматы қаласының инфекциялық стационарына жатқызылды. 

«Эпидемиологиялық қызметтер тарапынан инфекция ошағын уақтылы анықтау және оқшаулау тырысқақтың ел ішінде таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Науқас ауруханаға жатқызылды және клиникалық хаттамаға сәйкес барлық қажетті медициналық көмекті алады. Ұшақ бортында дезинфекция жүргізілді. Борттағы жолаушылар арасында аурудың белгілері және тырысқақ ауруының алдын алу шаралары туралы ақпараттық түсіндірме жүргізіліп, белгілер пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылды», – деп жазылған хабарламада.

Тырысқақ – антропонозды жіті ішек жұқпасы, Халықаралық медициналық – санитарлық ережелерге сәйкес карантинді жұқпаларға жатқызылады. Жұқпа – ауру адам немесе тырысқақ бойынша қолайсыз аймақтан келген қоздырғыш арқылы таралады.

Сондай-ақ оқыңыз