Жарты млрд теңгені негізсіз жұмсамақ болған: Антикор Түркістан облысының мемлекеттік сатып алуларынан олқылықтар анықтады

Жарияланды
айыппұл
Созақ ауданының білім бөлімі сәбіздің 1 келісін 16700 теңгеге бағалаған / Фото: kursiv.media

Түркістан облысы Созақ ауданының білім бөлімі сәбіздің 1 келісін 16,7 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті хабарлады.

«Созақ ауданының білім бөлімі 1750 кг сәбіздің бір килограмын 16,7 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен енгізілген ұсынымдардың нәтижесімен 29 млн теңге үнемделді», – делінген хабарламада.

Агенттіктің жергілікті департаменті мемлекеттік сатып алу порталын мониторингілеу барысында облыс бойынша 578,7 млн теңгенің негізсіз жұмсалуының алдын алған.  

Атап айтқанда, Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті нарықтық құны 15 мың теңге болатын бір тонна көмірді 250 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Волонтердің бастамашылығынан кейін сатып алу жоспары қайта қаралып, 30,2 млн теңге үнемделген.

Ал Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округ әкімдігі 1 кВт электр энергиясын 580 теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Еріктілердің әрекет етуінің арқасында бюджеттен 26,1 млн теңге үнемделген.

Еске салсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменді Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу шеңберінде Алматы облысының ішкі саясат басқармасының сатып алу жоспарын тексерді. Нәтижесінде құны 525 373%-ға жоғары бағаланған мемлекеттік сатып алу лоты тоқтатылған.

Агенттік мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет  тарапынан өңірдің мемлекеттік органдарының сатып алу порталының мониторингі шеңберінде 800 млн теңгені мақсатсыз пайдалануға тосқауыл қойылған. 

Ал Жетісу облыстық прокуратурасы құны 1 млрд теңге болатын мемлекеттік сатып алу конкурстарының күші жойылғанын хабарлады.

Прокуратура мәліметінше, тапсырыс берушілер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатқан. Сол арқылы әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын әдейі қиындатып шектеген.

Тағы бір жағдайда, қала көшелерін жөндеуге құны 500 млн теңгеден асатын конкурс жариялаған. Алайда тапсырыс беруші яғни әкімдік жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған. Әр көшедегі жұмыстың нақты сметалық құнын анықтап жазбаған. Актілер ұсынбаған.

Прокуратура барлық мемлекеттік сатып алулардың күшін жойып, ашық конкурсқа кәсіпкерлік субъектілердің де қатысуын қамтамасыз еткен.

Сондай-ақ оқыңыз