Су басқан өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша коммуналдық ұйымдар жоқ – Су ресурстары министрі

Жарияланды
су басқан
Су басқан өңірлерде және басқа облыстарда арнайы коммуналдық ұйымдар құрылады / Фото: ТЖМ

Су басқан өңірлерде және басқа облыстарда гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша коммуналдық ұйымдар жоқ. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы су тасқыны жағдайы жөнінде есеп берген министр бірқатар өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару, оның ішінде БҚО-да мамандандырылған коммуналдық ұйымдар жоқ екенін атап өтті. Осыны ескере отырып, Ақмола, Ақтөбе, СҚО, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне үш ай мерзімде коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйым құру тапсырылған.

«Бүгінгі таңда негізгі күш өзендердің ағынын реттеу және тасқын суларды өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық су шаруашылығы объектілерінде жедел шаралар қабылдау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су шаруашылығы жағдайына сағат сайын мониторинг жүргізіледі. Су шаруашылығы объектілері бойынша жағдай ерекше бақылауда», – деді Нұржігітов.

Сонымен бірге министр жедел әрекет ету мақсатында Росгидрометпен Ресей Федерациясының аумағында су тасқынының қалыптасуы туралы тәулік сайын гидрологиялық мәлімет алмасып отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен тұрақты ақпарат алмасу жүргізілуде.
Нұржігітов жергілікті атқарушы органдар су қоймаларының жай-күйін айқындауға мүмкіндік беретін гидротехникалық құрылыстарға көп факторлы тексеру жүргізуі қажеттігін айтты. Сонымен бірге министр қаржы бөлу жөнінде іс-шаралар қабылдауды ұсынды.

Су тасқынына байланысты өңірледегі ахуал

Еске сала кетсек, өңірлердегі жағдай күрделі. Әсіресе Атырау облысының Құлсары кентінде жағдай да жағдай күрделі. Құлсары-Доссор учаскесін су шаюына байланысты жол жабылған. ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 400-ге жуық адам қауіпті аймақтан жолаушылар пойызымен шығарылған.

Ақтөбе облысында еріген қар суының келуіне байланысты және Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгеті суға толып, бір шеті жарылған. Осыған байланысты Бесқоспа, Қызылту ауылдары және Алға ауданының Табантал қыстағын су басуы мүмкін. Осыған орай аталған ауыл тұрғындары ішінара эвакуацияланған. 

Айта кетсек, түнде Ақтөбеде су қоймасының жарылу қаупіне байланысты қала әкімі тұрғындардан қауіпсіз аймаққа кетуді сұраған болатын.

ТЖМ мәліметінше су тасқыны кезінде 88 автожолды су шайған, оның 4-і көпір,  84-і жол төсемі. Салдарынан 74 елдімекенге көлік қатынасы үзілген.

ТЖМ су тасқынына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 19 459 адам эвакуацияланғанын хабарлады. Оның ішінде 8 460 бала құтқарылған. 55 мың ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге айдалған. Әуе кемелерімен 2 365 адам, оның ішінде 477 бала эвакуацияланып, уақытша орналасу пунктеріне орналастырылған. Пунктерде 4 037 адам, оның ішінде 1 712 бала бар. 

Сондай-ақ оқыңыз