Атырау облысында автожолдарды су басып, жол қатынасы үзілді: тұрғындар пойызбен эвакуацияланып жатыр

Жарияланды
су тасқынына
Су тасқынына байланысты Құлсары-Доссор жол учаскесі бойынша жол қатынасы үзілген / Коллаж: kursiv.media

Батыс өңірлердің тұрғындары жол қатынасының үзілуіне байланысты пойызбен эвакуацияланып жатыр. Бұл жайлы ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.

Әсіресе, Атырау облысында жағдай күрделі. Құлсары-Доссор учаскесін су шаюына байланысты жол жабылған. ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 400-ге жуық адам қауіпті аймақтан жолаушылар пойызымен шығарылған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау облысының 400-ге жуық тұрғынын су тасқыны қаупі бар аймақтан жолаушылар пойызымен шығарды. Жолаушылардың арасында 99 бала бар. Су тасқыны салдарынан Құлсары-Доссор учаскесінде көлік құралдарының қозғалысы толығымен тоқтатылған болатын. Осыған байланысты ұлттық тасымалдаушы өңір тұрғындарын эвакуациялау үшін жолаушылар пойызын жіберу туралы шешім қабылдады», – делінген ҚТЖ хабарламасында.

ТЖМ мәліметінше су тасқыны кезінде 88 автожолды су шайған, оның 4-і көпір,  84-і жол төсемі. Салдарынан 74 елдімекенге көлік қатынасы үзілген.

Басқа автожолдардағы жағдай қандай?

«Қазавтожолдың» хабарлауынша «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» тас жолының 253-ші және 254-ші шақырымында Тобол өзенінің тасуы және РФ жағынан үлкен көлемде су келуінен жол бөлігін екі жақтан су басқан.

«Бірінші су тасқынның (253 шақырым) ауданы 250 м, ал тереңдігі 15 см. Екіншісінің (254 шақырым) ауданы 300 м, тереңдігі 15 см құрады»,  – делінген хабарламада.

Жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы бақылау орнатылып, қажетті ескерту жол белгілері, сигналды тіректер мен ілмектер орнатылған. Сондай-ақ жол жиектерін инертті материалдармен және құм салынған қаптармен күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік қозғалысына шектеу қойылмаған.

Сонымен бірге 2024 жылғы 5 сәуірде сағат 11:00 шамасында Р-59 республикалық маңызы бар «Рощинское-Корнеевка-Волошинка» автомобиль жолының 20-39 шақырымының 5 жерін су басқан.

Еске сала кетсек, ТЖМ су тасқынына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 19 459 адам эвакуацияланғанын хабарлады. Оның ішінде 8 460 бала құтқарылған. 55 мың ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге айдалған. Әуе кемелерімен 2 365 адам, оның ішінде 477 бала эвакуацияланып, уақытша орналасу пунктеріне орналастырылған. Пунктерде 4 037 адам, оның ішінде 1 712 бала бар.

Сондай-ақ оқыңыз