Ақтөбеде су қоймасының жарылу қаупі бар: қала әкімі тұрғындардан қауіпсіз аймаққа кетуді сұрады

Жарияланды
су қоймасы
Мағаджан су қоймасының жарылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасының шлюздері ашылған / Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су тасқынына байланысты өңірлердегі жағдай әлі де күрделі. Ақтөбе облысында Мағаджан су қоймасының жарылу қаупі бар. Бұл жайлы Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет хабарлады.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан Мағаджан су қоймасының жарылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасының шлюздері ашылған. Осыған орай Ақтөбе қаласының әкімі түнде Елек өзенінің бойында орналасқан елді мекен тұрғындрына үндеу жариялады.

«Құрметті қала тұрғындары! Хромтау ауданының аумағындағы Мағаджан су қоймасының бұзылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасына көп көлемді судың құйылуы күтіледі. Сәйкесінше Ақтөбе су қоймасының толуына байланысты шлюзді ашуға мәжбүрміз. Сақтықта қорлық жоқ демекші, ол судың арнадан шығу қаупі болғандықтан, сіздерді алдын ала хабардар етіп отырмыз. Елек өзенінің бойында орналасқан және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарынан эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізден шығуды сұраймын»,- деді әкім.

Өз кезегінде облыстың Төтенше жағдайлар департаменті де қала тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

​»Еріген қар суларының келіп түсуіне байланысты өзен деңгейі жоғарылап, су басу қаупі болуы мүмкін. ​Кез-келген жағдайда дүрбелеңге түспеңіз. Тыныштық пен қауіпсіздік шараларын сақтаңыз. Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың хабарламаларын қадағалаңыз»,– делінген хабарламада.

Сонымен бірге қалалық және облыстық әкімдік су тасқынынан зардап шеккен халыққа біржолғы төлем берілетінін хабарлады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, біржолғы төлемді алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша қалалық немесе аудандағы жұмыспен қамту бөлімдеріне хабарласуы қажет.

Ақтөбе қаласы тұрғындары мен Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін төлем сомасы – 300 мың теңге. Ал басқа аудандардың тұрғындары үшін – 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде бекітілген.

Өңірлердегі жағдай

Атырау облысында да жағдай күрделі. Мұнда Жем өзені арнасынан шыққты. ТЖМ хабарлауынша Жылыой ауданында «Доссор-Құлсары-Ақтау» республикалық маңызы бар аавтожолдарының 103-104 шақырымын су басқан.

«Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Доссор-Құлсары-Ақтау» автожолын су басты. Жолдың 4-119 учаскелері автокөліктің барлық түрлері үшін жабық. Жергілікті атқарушы орган және аудандық полиция бөлімі күштерімен кезекшілік ұйымдастырылды»,- делінген ТЖМ хабарламасында.

Ал облыс әкімдігі қазіргі уақытта аудан аумағында бөгеттерді нығайту үшін қапшықтарды төсеу, жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Әкімдік хабарлауынша облыста 5 кәсіпкерлік нысанды су басқан.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысында Есіл өзенінде су көтерілгенін хабарлады. Өзен деңгейінің көтерілуіне байланысты Бузулук ауылының маңында орналасқан сорғы станциясының ғимараты су қоршауында қалып кеткен.

«Ақмола облысы ТЖД ЖҚЖ 4 адамнан тұратын жеке құрамның күшімен станцияда қалып қойған 1960 жылы туған азамат құтқарылды»,- деп хабарлады ТЖМ.

Сонымен бірге түнде Целиноград ауданында, Талапкер ауылында қардың қарқынды еруі мен еріген сулардың келуіне байланысты Талапкер ауылының бойымен өтетін жасанды канал бұзылып, су ауылдарға аққан. ТЖМ канал ағысын қалпына келтіріп, арнасы Есіл өзеніне бұрылғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз