Құлсары қаласын да тасқын су басты. Бірнеше орталық ықшамаудандар суға кетуде
Атырау облысындағы Құлсары қаласына тасқын суы кірді. Су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалды. Бұл жайлы жергілікті халық әлеуметтік желіге жариялауда.
Жергілікті тұрғындар салған уақытша бөгеттер толығымен қираған. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, үш мың орындық орталық стадион, базар су астында қалды. Кейбір аудандар жарықсыз қалып, интернет ажыраған.
«Су тасқыны болуы мүмкін аймақта тұратын халықты хабардар ету үшін дабыл сиренасы қосылды. Автобус тұрғындарды 10 эвакуациялық пунктке эвакуациялады. Қазіргі уақытта 130 адам эвакуацияланды, оның ішінде 84 бала», – делінген ТЖМ таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жағалауды нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жұмыстарға ЖАО, полиция, әскери бөлімнің, ТЖД 323 қызметкері, 142 техникасы, еріктілер мен жергілікті тұрғындар арасынан 4540 адам жұмылдырылған.
Құлсары қаласының станциясынан Атырау қаласына 5 вагоннан тұратын жолаушылар пойызы халықты тегін тасымалдап жатыр. Өйткені Жылыой ауданында Жадырасын, Болашақ, Қарағай ықшамаудандарын су басып жатыр. Құлсарыға Жайық өзенінен де қауіп бар. Болжам бойынша, өзенге құйылатын су көлемі көбеюі мүмкін. Сондықтан мамандар арнайы белгіленген 20 учаскедегі дамбалардың биіктігін 6 метрге дейін көтеріп жатыр.
«Жадырасын ықшамауданында тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Жаға бекіту жұмыстарына 321 қызметкер, 5 мың ерікті мен ауыл тұрғыны, 121 техника жұмылдырылды, 6809 мал қауіпсіз аумаққа көшірілді. Ауданда 20 мектеп онлайн оқуға көшті. Ал 5 мың бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан 20 балабақша уақытша жабылды»,– деп жазылған әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Бейнеу ауданында Құлсары қаласындағы су тасқынынан кейін жедел желі іске қосылғаны хабарланды.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, тәулік бойы Call center тұрақты жұмыс істейді. Тұрғындарға төтенше мәселе бойынша 87078150190, 87021200603, 87292 2-20-41 нөмірімен байланысуға болады.
Бұған дейін ҚТЖ баспасөз қызметі батыс өңірлердің тұрғындары жол қатынасының үзілуіне байланысты пойызбен эвакуацияланып жатқанын хабарлады.
Әсіресе, Атырау облысында жағдай күрделі. Құлсары-Доссор учаскесін су шаюына байланысты жол жабылған. ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 400-ге жуық адам қауіпті аймақтан жолаушылар пойызымен шығарылған.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау облысының 400-ге жуық тұрғынын су тасқыны қаупі бар аймақтан жолаушылар пойызымен шығарды. Жолаушылардың арасында 99 бала бар. Су тасқыны салдарынан Құлсары-Доссор учаскесінде көлік құралдарының қозғалысы толығымен тоқтатылған болатын. Осыған байланысты ұлттық тасымалдаушы өңір тұрғындарын эвакуациялау үшін жолаушылар пойызын жіберу туралы шешім қабылдады», – делінген ҚТЖ хабарламасында.
ТЖМ мәліметінше, су тасқыны кезінде 88 автожолды су шайған, оның 4-і көпір, 84-і жол төсемі. Салдарынан 74 елдімекенге көлік қатынасы үзілген.
Басқа автожолдардағы жағдай қандай?
«Қазавтожолдың» хабарлауынша, «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» тас жолының 253-ші және 254-ші шақырымында Тобол өзенінің тасуы және РФ жағынан үлкен көлемде су келуінен жол бөлігін екі жақтан су басқан.
«Бірінші су тасқынның (253 шақырым) ауданы 250 м, ал тереңдігі 15 см. Екіншісінің (254 шақырым) ауданы 300 м, тереңдігі 15 см құрады», – делінген хабарламада.
Жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы бақылау орнатылып, қажетті ескерту жол белгілері, сигналды тіректер мен ілмектер орнатылған. Сондай-ақ жол жиектерін инертті материалдармен және құм салынған қаптармен күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік қозғалысына шектеу қойылмаған.
Сонымен бірге 2024 жылғы 5 сәуірде сағат 11:00 шамасында Р-59 республикалық маңызы бар «Рощинское-Корнеевка-Волошинка» автомобиль жолының 20-39 шақырымының 5 жерін су басқан.