Алматыда су деңгейі көтерілуі мүмкін
Алматы қаласының аумағына іргелес тау бөктері мен аудандарда, су тасқыны болуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«5 сәуірдегі Қазгидрометтен № 6 жедел ескерту: ауа райының жылынуы және жауын шашын салдарынан таулы аймақтарда су деңгейі көтерілуі мүмкін. Орташа тәуліктік температураның жоғарылауына және жауын-шашын болжамына байланысты 6-8 сәуір аралығында таулы өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде. Алматы қаласының аумағына іргелес тау бөктері мен аудандарда, су тасқыны болуы мүмкін»,– деп хабарлады ТЖД.
Осыған орай Алматы қалалық ТЖД тұрғындарға жақын орналасқан арықтар мен каналдарды қоқыстан тазарту қажеттігін ескертеді.
Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.
Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр тасқынға алып келген негізгі факторды атады.
Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.
«Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 мың 171 жеке тұрғын үй мен 179 аула аумақтары су астында қалды. 1 мың 451 тұрғын үй мен 1 мың 319 аула аумақтарынан ылғал сорылды. Су басу аймақтарынан 46 мың 755 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның 14 мың 589-ы балалар. Уақытша орналастыру орталықтарында 12 мың 541 адам болса, оның 6 мың 439-ы балалар», – деп хабарлады ТЖМ.