Су тасқыны қауіпіне байланысты Қостанайда төтенше жағдай режимі жарияланды. Өңірге Қазақстанның ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов барды.
«Қостанай облысында су тасқыны жағдайы мемлекеттік органдардың бақылауында ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов төрағалығымен облыстың жедел штабының отырысы өткізіліп, одан әрі іс-қимыл жоспары пысықталды. Бүгінгі таңда ТЖ режимі Амангелді, Жангелді, Қарасу, Қостанай аудандары мен Арқалық және Қостанай қалаларында енгізілген», – деп хабарлады ТЖМ.
Қостанай облысында су басқан аудандардан 500-ге жуық адам эвакуацияланды
Өңірлік жедел штабтың мәліметінше, 6 сәуірде сағат 8:00-де Қаратомар су қоймасынан су ағыны секундына 2 мың 640 текше метрге дейін ұлғайды (ағыны секундына 3 мың 361 текше метр). Қазір «Қаратомар» су қоймасының толу деңгейі 97%-ға жетті. Кеше түнде жедел су тасқынына қарсы штаб «Қаратомар» су қоймасынан көп мөлшерде су ағызуға байланысты жағдай нашарлап бара жатқанын хабарлаған.
Облыста су тасқыны кезінде зардап шеккендер үшін жедел желі іске қосылды. Психологиялық қызмет тобы 8 714- 250 19 60 нөмірі бойынша жұмыс істейді.
Соңғы мәліметтер бойынша, су басқан аудандардан 434 адам эвакуацияланды, оның ішінде Арқалықта 307 адам, Жангелді ауданында 90 адам және Амангелді ауданында 37 адам эвакуацияланды.
Батыс Қазақстанда 10 елдімекен көлік қатынасынсыз қалды
Ал Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан 10 елдімекен көлік қатынасынсыз қалды.
Облыс бойынша 1020 мың текше метр еріген су арнайы құралдармен сорылды. 219 мың данадан астам қап контейнерлері және 2700-ден астам инертті материалдар төселді. 5 су тасқыны және 60 жол учаскелері бақылауда.
Маңғыстау облысына Құлсары қаласынан 8738 адам эвакуацияланды
Маңғыстау облысы ТЖД ақпаратына сүйенсек, 2024 жылғы 6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласы мен елдімекендерінен Маңғыстау облысына 8738 адам эвакуацияланды.
«Олар 18 уақытша орналастыру пунктінде (1160 адам, оның ішінде 501 бала) және туыстары мен таныстарының арасында (7538 адам) жеке үйлерге қоныстанды», – деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Облыс бойынша барлығы 201 уақытша орналастыру пункті эвакуацияланған халықты қабылдауға дайын. Пунктер 83 042 адамды қабылдай алады. Маңғыстау су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарын қабылдауды жалғастыруда.
«Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 мың 171 жеке тұрғын үй мен 179 аула аумақтары су астында қалды. 1 мың 451 тұрғын үй мен 1 мың 319 аула аумақтарынан ылғал сорылды. Су басу аймақтарынан 46 мың 755 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның 14 мың 589-ы балалар. Уақытша орналастыру орталықтарында 12 мың 541 адам болса, оның 6 мың 439-ы балалар», – деп хабарлады ТЖМ.
Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.
Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр тасқынға алып келген негізгі факторды атады.
Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.