Кәсіпкерлікпен айналысу үшін қолайлы жағдай туғызуға арналған заң қабылданды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң бизнес субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалау формаларын ретке келтіруге, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Нақтырақ айтқанда, салалық заңдар деңгейінде жедел ден қою шараларын қолдану, тергеу жүргізу тетіктері, бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі айқындалды.
Бірнеше салада бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартатын өзгерістер мен толықтырулар, соның ішінде:
– балық шаруашылығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы перспективалы жер учаскелерінде балықты жасанды жолмен өсіру мүмкіндігін қарастыратын;
– өсімдіктер карантиніне байланысты карантинге жатқызылған өнімнің орнын ауыстыруға әкімшілік жүктемені азайтуды; (фитосанитариялық сертификаттың күшін жоюды);
– өнеркәсіп саласында отандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын өз елімізде шығатын шикізатпен қамтамасыз етуді:
– мұнай-газ саласында шикі мұнайдан қайта өңделген өнімдердің шығу тегін растайтын құжаттар тізбесін нақтылауды;
– қаржы нарығында банктермен өзара іс-қимыл жасау кезінде бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуді;
– заңды тұлғаларды тіркеу кезінде заңды тұлғалар мен олардың филиалдарын және т.б. мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің электрондық форматына ауыстыруды көздейтін бірқатар түзету енгізілді.
Аталған шаралар кәсіпкерлікпен айналысу үшін қолайлы жағдай туғызуға, жүргізілетін тексерулердің ашықтығын, сондай-ақ тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері және мемлекет мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге арналған.
Еске сала кетсек, ҰБ 2023 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялаған еді. Сауалнаманың нәтижесі бойынша, III тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан негізінен, шағын және орта бизнес есебінен кредитке сұраныс біршама өскен.
Шағын бизнес субъектілері сұранысының бірқалыпты өсуі көбінесе банктердің жеке нарықтық өнімдерімен қамтамасыз етілді. Банктер жүргізген жарнамалық акциялар алдыңғы тоқсандарда іске қосылған онлайн-өнімдердің танылуына әсер етті. Осылайша, шағын бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 20%-ға 822 мыңға дейін өсті», – делінген ақпаратта.
Банктер III тоқсанның қорытындысы бойынша орта бизнес субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныстың да біршама артқанын атап өтіпті. Оған бірқатар ірі банкте несие өнімдерінің кей шарттары жеңілдетілуі ықпал еткен.
Орта бизнес үшін жекелеген цифрлық өнімдер бойынша лимиттер ұлғайтылды және сыйақы мөлшерлемелері біршама төмендетілген. Осылайша, орта бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 47%-ға7,8 мыңға дейін өсті.