Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі.
Қызғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.
«Бүгін таңертең Қазақстанға гуманитарлық жүк тиелген автоколонна аттанды»,– деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, 4 сәуір Жогорку Кенеш отырысында министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Қырғызстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатыр деп мәлімдеді.
Жапаров Бішкек жылу электр орталығында болған апаттан кейін, Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасына көмек қолын созғанын айтқан.
«Олар бізден көмек сұрамаса да, бұл жағдайда біз оларға гуманитарлық көмек жібереміз деп шештік. Мен осы сәтті пайдаланып Өзбекстанға, Түркіменстанға және Қазақстанға алғысымды білдіремін. Президенттің көрші елдермен жүргізіп отырған достастық саясатының нәтижесінде олар біз сұрамай тұрып-ақ көмек қолын созды», – деді Ақылбек Жапаров.
Наурыз айының соңында Қазақстанда су тасқыны басталды. Оның салдары әлі жойылуда. Кейбір ауылдарды толығымен су басты. Екі су қоймасының бөгеттері жарылып, су басқан аймақтардан мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Осыған дейін шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр су тасқынына алып келген негізгі факторды атады. Оның себебі қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы.
Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.