Жаңалықтар

Ресейден келетін судың жылдамдығы секундына 4,5 мың текше метрге жетуі мүмкін, дайындыққа 20 күн бар

Ресейден келетін судың жылдамдығы қандай? / primeminister.kz

Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысында жұмыс сапарымен жүр. Ол облыс әкімімен бірге Құлсары қаласынан Ақтөбе облысымен шекараға дейінгі аумақты тікұшақпен айналып өтті. Кейін ТЖ жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жағдай күрделі

Алайда дүрбелең мен уайымдауға себеп жоқ. Өңірде су тасқынымен күресуге арналған барлық ресурс бар.

«Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдарға орта есеппен 3-4 күн қажет. Нақты іс-қимыл жоспарын құру, қажетті ақша сомасын бөлу, қажетті техниканы, сондай-ақ адами ресурстарды тарту қажет», —  деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер өңір басшылығына су тасқынына қарсы күрес бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.  Атап айтқанда, Атырау облысында ТЖ режимін енгізу туралы тапсырма берілді.

«Мен ҚТЖ басшылығын шақырдым, өйткені кейбір жерлерде үлкен су көлемін өткізу үшін теміржолдарға демонтаж жасау қажет. Бүгінгі таңда Ириклин су қоймасынан су ағызу секундына 2,5 мың текше метрді құрайды, алдағы уақытта ол 4,5 мыңға жетуі мүмкін. Сондықтан бізде су тасқынына дайындыққа 20 күн бар. ТЖ режимін халықты дүрбелеңге шақыру үшін емес, су тасқынына қарсы нақты іс-қимыл үшін жариялаймыз», — деді Қанат Бозымбаев.

Өңірде суды Каспий теңізіне қарай апаратын өзендер мен көлдерге жіберу үшін бұру арналарын қазу қажет

«Біз үшін ең басты міндет – Атырау жағалауын барлық жағынан нығайту», — деп түйіндеді Қанат Бозымбаев. 

Бұл ретте Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Қостанай облысына барды.

Үкімет басшысы су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б. Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарындағы жағдайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді.

Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындап келеді. Мәселен, Желқуар және Амангелді су қоймалары 100%-ға, Қаратомар 97%-ға, Жоғарғы Тобыл 93%-ға толып отыр, Сергеев және Амангелді су қоймалары транзиттік режимде өз қуатының шегінде жұмыс істеп жатыр.

Еліміздің бірнеше аймағын су басты

Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.

Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр тасқынға алып келген негізгі факторды атады. Оның себебі қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашын екенін айтты.

Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.