Жаңалықтар

Су ресурстары министрлігі елдегі су қоймаларының жағдайына қатысты ақпарат берді

су қоймасы
Елдің су қоймаларының жайы белгілі болды / Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Су ресурстары және ирригация министрінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева айтты.

«Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толды. 2 нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Ал Ақтөбе облысындағы 2 ірі нысанның су жинау көрсеткіші орта есеппен 95%-ды құрайды. Нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су ағынының азаюы байқалады. Шығыс Қазақстан облысындағы 5 ірі қойманың орташа су жинау көрсеткіші – 62%, олардың барлығы штаттық режимде жұмысын жалғастыруда», – деді спикер.

Ал Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 59%-ға толды. Олар да штаттық режимде жұмыс істеуде.

«Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы бойынша су жинау көрсеткіші – 98%. Өңірде су тасқыны кезеңі өтті. Қостанай облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 95%-ға толды. Аймақта су тасқыны байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының 2 ірі су қоймасы 100% толды», – деді Мөлдір Әбдуалиева.

Соңғы 44 жылдағы ең жоғары көрсеткіш

Спикердің айтуынша, қоймалардағы қазіргі су ағыны 1980 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл нысандарда жедел іс-шаралар қабылдау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, үздіксіз мониторинг жүргізіледі.

Бас прокуратура су тасқынына байланыста тергеу жұмыстарын бастады

«Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақыттылығы мен толықтығы зерттелуде. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады», – деді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.

Наурызда басталған тасқынның салдарымен күрес жалғасуда

Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.

Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр тасқынға алып келген негізгі факторды атады.

Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.   

«Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 мың 171 жеке тұрғын үй мен 179 аула аумақтары су астында қалды. 1 мың 451 тұрғын үй мен 1 мың 319 аула аумақтарынан ылғал сорылды. Су басу аймақтарынан 46 мың 755 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның 14 мың 589-ы балалар. Уақытша орналастыру орталықтарында 12 мың 541 адам болса, оның 6 мың 439-ы балалар», – деп хабарлады ТЖМ.

Қазгидромет ақпаратынша Алматыда нөсер жаңбыр күтілуде.

Ал Ресейден келетін судың жылдамдығы секундына 4,5 мың текше метрге жетуі мүмкін, дайындыққа 20 күн бар.