Жаңалықтар

Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су ағысы өте күшті

Есіл өзеніндегі Сергев су қоймасы 163%-ға толған/kursiv.media

Су тасқынының салдарынан Солтүстік Қазақстан облысындағы 13 ауданның 8-інде ауыр жағдай қалыптасып отыр. Бұл жөнінде ОКҚ брифингінде облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев хабарлады.

Әзірше Есіл өзеніндегі Сергев су қоймасы 163%-ға толған. Алдағы уақытта қоймадағы судың деңгейі 4 метрге жетуі мүмкін. Петропавл қаласы мен үш ауданды тасқын судан сақтау кезек күттірмес мәселеге айналды. Алдағы 7-8 күнде облыс орталығына көп мөлшерде су келмек.  

Облыс бойынша 262 елдімекенде су басу қаупі жоғары. 38 үйдің 25-і су астында қалды. 100 адам көшіріліп, оның 36-сы үйіне қайтты.

«Жолдарда 48 су толып кету жағдайы тіркелді, 36-сы дәл қазір. Жол төсемінің 7 учаскесі ашылып, су айдау жұмыстары жүргізілуде. 155 шақырым арық тазартылды, кеңейтілді және тереңдетілді, 96,6 шақырым канал, 55 мың дана қапшық дайындалып, 23 мың данасы төселді, 540 адам және 233 бірлік техника жұмылдырылды. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істейді, – деді әкімнің орынбасары.

Ал Ақмола облысындағы Қылшақты өзенінің деңгейі 2 метрге дейін көтерілген. 1,2 мтер болып есептелінетін қауіпті деңгейден асып кетті. Соның салдарынан жағалау бойын су басты. Жабай, Нұра, Есіл және Колутон өзендері де арнасынан тасып шығуы мүмкін.

«Ұзындығы 32 км болатын қорғаныс төбелері қосымша тұрғызылды, оның ішінде астана маңындағы аймақта 16 км астам топырақ жалы орнатылды. Су объектілерінің 18 шақырымдық жағалауы нығайтылды. Шығынды есептеу үшін комиссия құрылды, келтірілген шығын қысқа мерзім ішінде өтелетін болады. Әлі де болса, Астана су қоймасынан секундына 350 текше метр көлемінде су жіберілуде. Су тасқынымен күресуге 2,5 мың адам ресурсы, 1 мыңнан астам техника, мотопомпа мен жүзу құралдары тартылды», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары, штаб төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов ОКҚ алаңында.