Су тасқынына байланысты Атырау облысының үш ауданында қиын жағдай қалыптасты. Жем өзеніндегі бөгеттің бұзылуы салдарынан 65 мың тұрғыны бар Құлсары қаласындағы екі учаске, «Жадырасын – 2», «Болашақ», «Вахталық кент» шағын аудандары және «Қарағай» елдімекендерін су басты. Қалада 2,8 мыңнан астам үй мен басқа да нысандар су астында қалды. 26 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жемнің бойындағы жасанды бөгеттер бұзылуда. Сол арқылы судың қарқынын азайтып, өзен бойындағы елдімекендерді сақтап қалу үшін қам жасалуда.
– Жылыойға төнген қауіпті сейілту мақсатында Жем өзенінің сағаларын ашып жатырмыз. Бұл маңда кезінде көптеген жеке шаруа қожалығы суды жинап алу мақсатында ағыс көзін бітеп, жасанды бөгеттер тұрғызған. Бұл қалаға келген судың ағып кетуіне үлкен кедергі болып отыр. Соған байланысты бітелген арналардың көзін бөгеттерді тротилмен жару арқылы ашып жатырмыз. Осыдан кейін өзен кедергісіз ағуда, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қ. Нұртаев.
Құлсарыда 14 эвакуациялық пункт ашылған. Жылыой ауданында түні бойы жаға бекіту жұмыстары жүргізілді. 1135 әр түрлі сала қызметкерлері, 4640 ерікті көмекке жұмылды. Жылыой тұрғындары Маңғыстау облысына, Атырау қаласына және Теңіз кен орнына көшірілуде.
Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы өтетін Жайық өзенінің жоғарғы бөлігінен мол су ағыны келе жатыр. Оған Ресейдегі Ирикла су қоймасынан судың жіберіліп жатқаны да әсер етуде. Қазіргі уақытта Жайық бойындағы Ор қаласындағы дамба бұзылып, біраз үйді су басып қалды. Өзендегі су деңгейі 11 мертрге дейін көтерілген. Оған жағын орналасқан Орынборда да жағдай қиын. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев Жайық арнасындағы су деңгейі 10 метрге көтерілуі мүмкін екенін хабарлады. Бұған дейін өзеннің тасуы үшін қауіпті деңгей 8,5 метр екенін айтқан едік. Жайық өзені Атырау облысының Махамбет пен Индер аудандары арқылы өтеді. Өзен суы таситын болса, Атырау қаласының өзіне қауіп төнеді.
«Жылыойлықтар тасқын сумен күреске бел шешпей 2 апта дайындалып, 3 күн бойы қарғын сумен күресті. Бірақ, тілсіз жау қаланы басып кетті. Зардап шеккен бауырларымызға барлық көмек көрсетілуде, шығын көлемі де өтеледі. «Дегенмен, Атырау қаласы да бұл тағдырды қайталауы мүмкін. Су басу қаупі Орынбор, Орал қалаларынан кем болмайды деген болжам бар», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембаев.