Мемлекеттік материалдық резервтен облыстарға 1 млрд 474 млн теңгенің көмегі көрсетілді

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары үшін мемлекеттік материалдық резервтен 15 мың 400 адамға апатты жағдайда қажет болатын жабдықтар бөлінді. 51 арнайы және автомобиль техникасы (экскаваторлар, вахталық автомобиль, балшық сорғылары, автосамосвалдар) іске қосылды, шатырлар мен төсек-орын жабдықтар жеткізілді.

Резерв есебінен бүгінге дейін 1 млрд 474 млн теңгенің көмегі көрсетілді.  Бұл жөнінде ОКҚ-ның ақпарат алаңында мемлекеттік материалдық резер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов хабарлады.

«Бұдан басқа Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін осы өңірлердің әкімдіктері мемлекеттік материалдық резервтен қажетті тауарларды шығаруды қарастыруда. Мемлекеттік материалдық резерв қоры төтенше жағдайды жою үшін жаңа, заманауи тауарлармен жабдықталған.

Тауарлар еліміздің  10 өңіріндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорының «Резерв» қоймаларында (Астана, Алматы, Петропавл, Қостанай, Семей, Арыс, Шар, Қарағанды облысының Абай қаласы, Жетісу облысының Бастөбе кенті) орналыстырылған.

Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті мен «Резерв» РМК қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді, әкімдіктердің өтінімдерін қарастырып және сұратылған тауарларды жіберуліде», – деді Руслан Ормағамбетов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау, және құтқару жұмыстары өзінің тікелей бақылауында екенін мәлімдеген еді.

«Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап  шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет», – деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз