Жаңалықтар

Гендерлік теңдік үшін: Тұңғыш қазақ қызы Эвересті бағындыруға аттанды

Гендерлік теңдік үшін: Тұңғыш қазақ қызы Эвересті бағындыруға аттанады / Everest Kazakh Team

6 сәуірде альпинист және скайранер Анар Бурашева Kazakh Everest team спорттық-патриоттық экспедициясы құрамында Эвересті бағындыруға жол тартты. Әлемнің ең биік шыңына шығуға Қазақстаннан жеті альпинист аттанса, олардың арасында жалғыз қыз Анар Бурашева бар. Экпедицияны белгілі альпинист Мақсұт Жұмаев бастады.

Экспедиция бірінші кезекте Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың, сондай-ақ, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналады. Екіншіден, экспедицияның әлемнің ең биік шыңына Қазақстан туын көтеру.

Алайда бұл экспедиция алдыңғы экспедициядан өзгеше. Себебі әлемдегі ең биік шыңға тұңғыш рет қазақ қызы жол тартты. Спортшы-скайраннер Анар Бурашева өз сапарын барша қазақ әйелдеріне және елдегі гендерлік теңдік мәселесіне көңіл аударуға арнап отыр. Айта кетейік, тарихта Эвересті 799 әйел бағындырды. Егер сапары сәтті болса, Анар 800-ші әйел болады.

«Біздің елде Олимпиада чемпионы болған қазақ қызы жоқ. Алайда Анардың дайындығы мен осы сапарын Олимпиаданың алтын медалімен теңестіруге болады», – дейді Мақсұт Жұмаев.

Оның айтуынша, бұл жас ұрпақты, әсіресе, қыз балаларды армандауға, биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады.

«Қыз балалардың тұрмыс құрып қана қоймай, өз армандарына қол жеткізіп, ерекше жетістікке жетуі керек: белгілі ғалым, педагог, дәрігер, кәсіпкер болуы керек. Альпинизмде «қыз» немесе «жігіт» деген ұғым жоқ. Тек экспедиция мүшесі ғана бар. Сондықтан тауда да немесе басқа спорт түрінде қыздардың жетекші рөлдерде болғанын қалаймыз», – деп атап өтті ол.

Алдағы экспедицияның басты кейіпкері Анар Бурашеваның айтуынша, ол туған жері Шығыс Қазақстанда бала кезінен тауларға қарап өскен. Сол сәттен бастап Эвересті бағындырсам деген арман пайда болған. Сапары жақындаған сайын өзіне деген сенімі артып келе жатқанын айтады.

Анар Бурашева

Бурашева оннан астам ультра марафонда жүгіріп, бірқатар қазақстандық шыңдарға көтерілген. Олардың қатарында Талғар шыңы (4979 метр), Монблан шыңы (4809 метр) және Килиманджаро (5895 метр) бар.

«Бұл сапарымның физикалық, рухани тұрғыдан үлкен дайындықты, сенімділікті қажет ететінін түсінемін. Бұл өз-өзіңді жеңудің бір түрі. Қорқынышты болса да бәріміз тәуекелге бел буып, өзімнің биіктікті бағындыратыныма сенімдімін. Осы сапарым арқылы әйелдердің барлық істе ерлермен тең екенін көрсеткім келеді», – дейді Анар.

Ол сондай-ақ экспедицияға шығар алдында команданың барлық қатысушылары медициналық тексеруден өткенін және денсаулық жағдайы бойынша алдағы қиындықтарға толық дайын екенін айтады.

Эверестке қазақстандық экспедицияны бастап баратын Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, дайындық ұзақ әрі күрделі болған. Қиын жағдайда өмір сүру үшін физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да дайын болу керек. 

«Денсаулыққа ауыр тиетін кезде адам өзінің ерік-жігерімен ғана емес, мінезімен, басқаларға деген қамқорлығымен танылады. Сондықтан біз үшін Анардың командада қалай жұмыс істейтінін көру өте маңызды болды», – дейді Мақсат Жұмаев.

Қазақстан Қарулы күштерінің офицері ретінде ол команда мүшелері әскери дайындықтан өткенін айтады. 

«Әскердегідей дайындалдық. Эверестке екі рет шыққанмын. Қандай қиындықтар болатынын білемін. Лагерьден бастап, шыңға дейін, шыңнан кері лагерьге дейін қалай дайындалу керек екендігін түсіндірдім. Алдымызда туындауы мүмкін барлық қиын жағдайға алдын ала дайындаламыз», – деді ол.

Жұмаевтың сөзінше, экспедиция қатысушыларының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Жабдықтар мен байланыс құралдарын таңдау және күтпеген жағдайларда альпинистерге көмектесетін бірқатар мәселелерді шешу. Экспедициясының демеушілері де спортшылардан сақ болуды сұраған. Алайда Мақсұт Жұмаев олардың атын атамауды жөн көрді.

«Альпинистер «жақсы альпинист-тірі альпинист, ал тау тұра береді» деп айтады. Ең бастысы аман оралу. Бұл сапарға бір альпинист үшін кемі 60-100 мың доллар шамасында қаржы керек болды. Біз Анардың миссиясы туралы айтып, жақсы демеушілер таптық», – дейді ол.

Мақсұт Жұмаев

Мақсұт Жұмаев атап өткендей, орта есеппен команданың әрбір мүшесі өзімен бірге экспедицияға шамамен 60 килограмм жүк: құрал-жабдықтар, тамақ және басқа да қажетті заттарды алып барады. Алайда тікелей тау аумағынан ауысу кезінде топ мүшелерінің рюкзактарының салмағы 15 килограммнан аспайтын болады.

Альпинистер тобындағы жалғыз әйел Анар Бурашева бұл қиындықтардың бәрінен қорықпайды. Оның айтуынша, экспедицияда ең үлкен қиындық – душтың болмауы.

«Мен үшін ең қиын нәрсе, шынымды айтсам, әйел ретінде тазалық сақтау мүмкіндіктерінің болмауы. Килиманджарода біз бір аптаға жуық душқа түспей жүрдік. Эвересте 2 ай боламыз. Бұл моральдық қиындықтардың бірі. Физикалық тұрғыдан, қиын болады деп айтпаймын. Өйткені мен қашықтыққа жүгіремін және өрмелеу тәжірибем бар. Физикалық тұрғыдан бәріміз дайынбыз және психикалық тұрғыдан көбірек дайындалуымыз керек», – дейді ол.

Қазақстандық қатысушылар 6 сәуірде Непалға аттанып, одан әрі Катмандудан Луклаға ұшады. Содан кейін экспедиция мүшелері жаяу тау базасына барып, акклиматизациядан өтеді.

Команда сәуірдің екінші жартысында Эверест базалық лагеріне (5350 метр) жетеді деп күтілуде. Бейімделуге және тауға шығуға дайындалуға бірнеше күн беріледі. Базалық лагерьде өрмелеуге қажетті негізгі дағдылар бойынша кешенді жаттығулар мен жабдықтар сыналады.

Соңғы және ең маңызды маршрут базалық лагерьден (5350 метр) Хумбу мұздығы арқылы бірінші лагерьге (6100 метр) қарай басталады, одан әрі бағыт бойынша үстірт арқылы екінші лагерьге (6400 метр) өтеді.

Тік жартастармен үшінші лагерьге дейін (7300 метр) тұрақты мұз маршруттарына жетеді. Қарлы-мұзды тау беткеймен команда IV лагерьге 8000 метр биіктікте барады.

Эверест шыңына шығудың соңғы кезеңі (8848 метр) IV лагерьден басталады. Экспедицияға қатысушылар қолайлы «ауа райы уақытын» күтеді. Себебі Эверестегі табиғи жағдайлар, төтенше-дауылды желдер, минус 50°C дейін аяз, қар көшкіні болып, жартастар, мұз жарықтары жарылуы мүмкін. Жоспарға сәйкес, соңғы кезең 12-16 сағатты алуы керек. Мамыр айының соңында экспедиция елге оралады.