Су тасқыны кезінде инфрақұрылымдардың бұзылуына байланысты прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады

Жарияланды
kursiv.media

Бұл жөнінде Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған 10 облыста уәкілетті мемлекеттік органдар салдарларды жою және азайту, жаңа аумақтарды су басуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауда.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, әкімдіктер мен басқа да қызметтердің 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарындағы жағдай өте күрделі.

«Прокуратура органдары бірқатар елді мекенді су басуының, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа да объектілердің нысандардың қирауының себеп-салдарын тексермек. Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттелуде. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға беріледі. Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады», – делінген баспасөз қызметі ақпаратында.

Жергілікті жерлердегі прокурорлар құқық қорғау органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестірмек. Проблемалық учаскелерді қоршау және патрульдеу, азаматтардың мүлкін қорғау қамтамасыз етілген. Прокуратура әрбір зардап шеккен отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетілуін қадағалайды.   Өтемақы алу алгоритмі Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережелермен нақты реттелген. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы материалдық көмек қаражатын төлеуге кірісті.

Жалпы, барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен құқықтық тәртіп органдары еріктілердің қолдауымен күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Су тасқынын оқшаулау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыз